BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУЫ

Бүгін мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті жолдауын жолдады. Енді елімізде су және ирригация министрлігі құрылады. Онымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев су шаруашылығы жүйесін тиімді пайдалану мәселесімен дербес мекеме айналысу қажеттігін айтты. Себебі су тапшылығы тиісті деңгейде өз шешімін таппай тұр.

Жаңа министрлік аясында ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейді. Еліміздің барлық су шаруашылығы жүйесіне реформа жасалады. Ал агроөнеркәсіпте президент шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді деді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кететіндігін баса айтты.

– Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн,-дейді Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Сондай-ақ енді елімізде көлік министрлігі де қайта құрылады. Президент бұл ведомствоның жол инфрақұрылымын салумен айналысатынын айтты. Себебі қазір жолдардың сапасы сын көтермейді. Міндетін адал атқармаған барлық компания енді заң бойынша жауапқа тартылады. 2029 жылға дейін 4000 шақырымнан астам жол күрделі жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы қоғам талқысына түскен атом электр станциясына қатысты талас тартысқа нүктесін қойды. Бұл мәселенің шешімі жалпыхалықтық референдум аясында қабылданады.

– Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет,-дейді Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Бұдан бөлек президент балалардың қауіпсіздігін басты назарға алатындығын жеткізді. Зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Жол, ғимарат, киім-кешек тіпті азық-түлікке дейін балалар үшін қауіпсіз болуы керек деді. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығының маңыздылығына тоқталып, мектептерлегі психологиялық қолдау қызметін жетілдіруді, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды, буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарламаны әзірлеу керектігін айтты. Қорыта келгенде мемлекет басшысы елдегі мәселелерді шешуде Жолдауда белгіленген міндеттер орындалуы тиіс деді.

– Біз жаһандық дүрбелең дәуірінде өз бағдарымыздан адаспаймыз. Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ,-дейді Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *