ТАРАЗДА ТҮНГІ ТЫНЫШТЫҚТЫ БҰЗҒАН 1304 ТҰРҒЫН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТЫЛҒАН
Таразда жыл басынан бері 1304 тұрғын беймезгіл уақытта шу шығарғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Әсіресе туған күнді отшашумен атап өтіп, түнгі тыныштықты бұзатындар көбейген көрінеді. Мұндай әрекет үшін заң аясында айыппұл қарастырылған – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Құрылыс құралдарының шуы, көшедегі көліктердің гүрілі мен көршілердің дауысы көпқабатты үй тұрғындарының тыныштығын жиі бұзады. Әсіресе түнгі уақытта музыканы қатты қойып, отшашу ататындарға тұрғындардың наразылығы бар.
Тұрғындардың бірі түнгі шудың, әсіресе жаз мезгілінде, мазаны алатынын айтты.
– Иә, түн тыныштығын құртады. Айқайлап келеді, түнгі үште әсіресе жаз айында далада жатамыз, сол кезде терезе ашып қоямыз. Қорқып кетеміз, – деді тұрғын.
Тағы бір тұрғын отшашудың күндіз де, түнде де көшедегі тыныштықты бұзатынын атап өтті.
– Түнде болсын, күндіз болсын, шулап көшенің бәрін бүлдіреді. Отшашу деген ең жақсы нәрсе емес, жаман нәрсе. Біріншіден, адамдардың түнгі ұйқысын шырт бұзады. Біреуге жағады, біреуге жақпайды, – деді ол.
Тұрғындардың тыныштығын бұзу мәселесі билік деңгейінде де қаралған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатты шулайтын мотоциклдер мен автокөліктерге қатысты қатаң шара қабылдау қажеттігін айтқан.
– Қатты шулайтын мото және автокөліктер мәселесін бірнеше рет талқыладық. Оларға өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Адамдардың түн ортасында мазасын алып, ұйқы бермей жатыр, – деді Олжас Бектенов.
Жамбыл облысы полиция департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Тимур Серіктің айтуынша, отшашу қолданғандар және туған күнді қоғамдық орындарда атап өткендер жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлерде мереке, той-жиын өткізіп, тыныштықты бұзуға да заңмен тыйым салынған.
– Жалпы толтырылған хаттамалар арасында отшашуларды, яғни салюттерді қолданған адамдар немесе туған күнді қоғамдық орындарда атап өткендер жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ жеке тұрғын үй жағдайында мейрам немесе той-жиындарды атап өткен жағдайда бұл әрекеттерге заң бойынша қатаң тыйым салынады. Заңмен тыйым салынған жағдайларда жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деді Тимур Серік.
Қолданыстағы талап бойынша жұмыс күндері сағат 22:00-ден, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден кейін тыныштық сақталуы керек. Талапты бұзған тұрғындарға 5 АЕК, шағын және орта кәсіп иелеріне 20-30 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік нысандарына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Бекзат Әшірбай

