ТОҚАЕВ ОМАН СҰЛТАНЫ ХАЙСАМ БЕН ТАРИҚ ӘЛ САИДТЫ «АЛТЫН ҚЫРАН» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидті Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары аясында «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының сапары Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін тарихи оқиға екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі стратегиялық маңызды әрі сенімді серіктесі деп атады. Оның айтуынша, екі елдің ынтымақтастығы отыз жылдан бері өзара сенім мен түсіністік негізінде дамып келеді.
Президент дәстүрлі мұнай-газ секторымен қатар көлік, логистика, цифрландыру, жасанды интеллект, сауда және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы байланысты кеңейтуге мүмкіндік бар екенін айтты.
Мемлекет басшысы Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің елдер арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Оманның аймақтағы тұрақтылықты сақтау, дінаралық диалог пен гуманитарлық бастамаларды дамытудағы рөліне тоқталды.
«Халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесіңізді ескеріп, Сізге «Алтын Қыран» орденін табыстау – мен үшін зор мәртебе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

