BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

«ТАРАЗ» ҚАНТ ЗАУЫТЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ 95 ПАЙЫЗҒА АЯҚТАЛҒАН

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «Тараз» қант зауытындағы жаңғырту жұмыстарымен танысып, кәсіпорынды іске қосуға дайындық барысын тексерді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2003 жылдан бері жұмысын тоқтатқан кәсіпорынды қайта іске қосу үшін жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталған. Қазір жұмыстардың 93-95 пайызы орындалған. Жобаның жалпы құны – 12,4 млрд теңге.

Зауыт іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдей алады. Өндірістік қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға жетеді. Қазір негізгі өндірістік нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып, технологиялық жабдықтар орнатылып жатыр.

Жұмыстарды аяқтау үшін 10 мердігер ұйым мен зауыттың 1000-ға жуық қызметкері екі ауысымда еңбек етуде. Қант қызылшасын қабылдауға қажетті таразылар орнатылып, зертхана жөнделген.

Облыс әкімі зауытты уақытылы іске қосып, биылғы өнімді толық әрі кідіріссіз қабылдаудың маңызын атап өтті.

– Биыл қант қызылшасының өнімділігі жоғары. Енді бірде-бір өнім егістік алқаптарында қалмауы керек. Шаруалардың өнімін белгіленген кестеге сәйкес уақытылы қабылдау қажет. Кезек болмауы тиіс, – деді Ербол Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, зауыт қант қызылшасын 20 қазаннан кейін қабылдауды жоспарлап отыр. Биыл облыста дақыл 9,9 мың гектарға егілген. Оның 5,5 мың гектарына 94 шаруашылық «Тараз» қант зауытын шикізатпен қамтамасыз ету үшін қант қызылшасын орналастырған.

Облыс әкімі жауапты басқармалар мен кәсіпорын басшылығына жаңғырту жұмыстарын жеделдетіп, қант қызылшасын қабылдау науқанын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *