НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ АЛМАТЫДАҒЫ ІРІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, мегаполистегі көлік-логистикалық, энергетикалық, индустриялық және туристік бағыттағы бірқатар ірі жобалардың барысымен танысты, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Сапарға қала әкімі Дархан Сатыбалды, тиісті салалық ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Делегация әуежайдан бастап, теміржол вокзалдары мен энергетикалық нысандарға дейінгі стратегиялық объектілерді аралады.
Алдымен Нұрлыбек Нәлібаев Алматы халықаралық әуежайында болып, терминалдар мен перрон инфрақұрылымын жаңғырту, ұшақтарды мұздан тазарту алаңы мен жүк тұрақтарын кеңейту жұмыстарының жай-күйімен танысты. 2024 жылдың маусымында пайдалануға берілген жаңа халықаралық терминалдың аумағы 56 мың шаршы метрді құрайды. Жобаға 93 млрд теңге инвестиция салынған, өткізу қабілеті жылына 14 млн жолаушыға дейін артқан.
Әуежай басшылығының мәліметінше, алдағы бес жылға арналған даму жоспары аясында терминалдарды қайта жаңарту, ұшу-қону жолағын жөндеу, жүк және сервистік инфрақұрылымды кеңейту, сондай-ақ қонақүй мен көпдеңгейлі паркинг салу жоспарланған.
Бірінші вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстанды өңірлік транзиттік хабқа айналдыру міндеті қойылғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың стратегиялық маңызын ерекше айтты. Алайда ол әуежайдағы құрылыс қарқынының баяу жүріп жатқанын сынға алды.
«Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту – маңызды стратегиялық жоба. Бірақ жұмыс қарқыны көңіл көншітпейді. Туристік маусым басталар алдында барлық құрылыс пен ретсіздікті 1 шілдеге дейін аяқтау қажет. Әуежай аумағы қала келбетіне нұқсан келтірмеуі тиіс», – деді ол.
Сондай-ақ жуырда нөсер салдарынан терминал аумағын су басу оқиғасына тоқталып, мұндай жағдайлар туристер үшін қолайсыз әсер қалдыратынын айтты. Осы ретте қала әкімдігіне әуежай инфрақұрылымын қоғамдық көлік жүйесімен, оның ішінде метро желісін дамыту жоспарымен байланыстыру тапсырылды.
Келесі кезекте делегация «Алматы-1» теміржол вокзалында болып, реконструкция жұмыстарының барысын тексерді. Нысанға тәулігіне мыңдаған жолаушы келіп-кететіні айтылды. Алайда жөндеу жұмыстарының созылып кетуі халыққа қолайсыздық тудырып отырғаны сынға алынды.
«Вокзалдағы жұмыс қарқыны сын көтермейді. Жобаны тездетіп аяқтау қажет. Бұл – қала үшін аса маңызды көлік торабы. Жолаушылар жыл бойы қолайлы жағдайға ие болуы тиіс», – деді Нәлібаев.
Ол сондай-ақ «Қазақстан Темір жолы» компаниясына жобаны жедел аяқтауды, ал қала әкімдігіне бақылауды күшейтуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Үлкен Алматы айналма автожолының құрылысы да назарға алынды. Кейбір учаскелерде жер телімдерін сатып алу мен инженерлік желілерді көшіру жұмыстарының баяу жүріп жатқаны айтылды. Жоба белгіленген мерзімнен кешікпеуі тиіс екені қатаң ескертілді.
Сапар барысында бірінші вице-премьер Алматының жылу-энергетикалық нысандарында да болды. Екінші жылу электр орталығын газға көшіру арқылы экологиялық жүктемені азайту және энергия тиімділігін арттыру көзделген. Жоба 2026 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ Іле ауданында орналасқан үшінші жылу орталығының жаңғыртылу барысы таныстырылды. Мұнда жаңа бу-газ қондырғысы салынып жатыр. Жоба 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Туризм саласында Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларының жүзеге асырылуы да қаралды. Бұл бастамалар қала таулы аймақтарын жыл бойы жұмыс істейтін халықаралық деңгейдегі туристік орталыққа айналдыруды көздейді. Жоспар бойынша курорттардың өткізу мүмкіндігі бірнеше есеге артып, туристер саны миллионнан асады деп күтілуде.
Индустриялық аймақтағы сапар барысында «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» зауытының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын жылына 120 мыңға дейін автокөлік шығаруға қауқарлы. Қазір мұнда 1900 адам жұмыс істейді, толық қуатқа шыққанда бұл көрсеткіш 3600 адамға дейін артады.
Нұрлыбек Нәлібаев Алматының өнеркәсіптік және инвестициялық әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, жаңа өндірістерді дамыту мен технологиялық жаңғыртудың маңызын ерекше айтты. Үкімет мұндай жобаларға қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.
Жалпы Алматы индустриялық аймағында 57 жоба жүзеге асырылып, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл да бірқатар жаңа өндіріс іске қосу жоспарланған.

