BASTY BETBILİKQOǴAM

ТОҚАЕВ: БЕЙБІТ КҮНДЕ 14 САРБАЗДЫҢ ҚАЗА БОЛУЫН ҚЫЛМЫС ДЕП АЙТУЫМЫЗ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында 14 әскери қызметшінің қаза болуына қатысты пікір білдіріп, оқиғаға жол берген әскери қызметшілер лауазымы мен шеніне қарамастан қатаң жауапқа тартылатынын айтты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент бейбіт күнде болған қайғылы жағдайды қылмыс деп бағалау керек екенін атап өтті.

Ашығын айтуымыз керек: бейбіт күнде 14 сарбаздың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайды қылмыс деп айтуымыз керек. Бұл – бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы мен кәсіби біліксіздігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланғанын атап өтті.

Президенттің айтуынша, қайғылы оқиғаға байланысты үкіметтік комиссия құрылып, оның мән-жайын анықтап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілердің қажетті жабдықтармен, соның ішінде кез келген ауа райында адамды су бетінде ұстап тұруға мүмкіндік беретін арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегеніне назар аударды.

Жауынгерлерге осындай аса маңызды әрі негізгі қорғаныс құралдарының берілмеуіне не себеп болды?! Енді бұл сұраққа кешенді тексеру жүргізетін арнайы комиссия жауап береді. Мен тиісті өкімге қол қойдым, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қайғылы жағдайға жол берген әскери қызметшілер лауазымы мен шеніне қарамастан заң бойынша қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

«Ең алдымен, Мемлекет басшысы ретінде айтарым: қайғылы жағдайға жол берген әскери қызметшілер лауазымы мен шеніне қарамастан жауапқа тартылады, заң бойынша қатаң жазасын алады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *