«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында берген тапсырмаларын орындау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиында әлеуметтік көмек көрсету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, жолдардың сапасын арттыру, қалаларды абаттандыру және қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелері сөз болған.
Премьер-министр әлеуметтік көмектің нақты мұқтаж азаматтарға көрсетілуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өңірлерде тұрғындарға мемлекеттік қолдау түрлері туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Әлеуметтік міндеттемелер мүлтіксіз орындалуы керек. Ал қажетті әлеуметтік көмектің шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана көрсетілуіне назар аудару керек, – деді Олжас Бектенов.
Жиында «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылып, 7 млн ағаш отырғызылғаны айтылды. Бұдан бөлек, 2 мыңнан астам еріктілер жобасы жүзеге асқан. Сонымен қатар Үкімет «тазалықтың ұлттық стандартын» әзірлеуді де жоспарлап отыр.
Кеңесте жол инфрақұрылымының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдардың 94 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 91 пайызы талаптарға сай екен. Елді мекендердегі көшелердің бұл көрсеткіші 71 пайыз.
Олжас Бектенов құрылыс сапасын қатаң бақылауға алып, талапқа сай жұмыс істемейтін мердігерлерге жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар вандализмнің алдын алу, балаларға әлеуметтік және медициналық қолдауды жетілдіру, білім беру ұйымдарында экологиялық тәрбие жұмыстарын күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берген.

