КҮЛӘШ АХМЕТОВАНЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ПОЭТИКАЛЫҚ БАТТЛ ӨТТІ
«Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы» КММ-де ақын Күләш Ахметованың 80 жылдығына орай «Жыр жұлдызы: Күләш Ахметова мұрасы» атты поэтикалық баттл ұйымдастырылды. Шара барысында 2025 жылдың қарашасында дүниеден өткен ақынның рухына тағзым етіліп, қатысушылар 1 минут үнсіздікпен еске алды. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Әдеби кеш дәстүрлі форматпен шектелмей, ақын шығармашылығының болмысына сай поэтикалық сайыс түрінде өтті. Байқауға С.Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептен 5 оқушы, Ө.Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептен 1 оқушы және дарынды балаларға арналған мамандандырылған «IT» лицей-интернатынан 5 оқушы қатысып, барлығы 10 үміткер бақ сынады.
Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар жасанды интеллект тақырыбын шығармашылықпен ұштастыра отырып, өзін таныстырды. Екінші кезеңде Күләш Ахметованың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Үшінші кезеңде ақын шығармасынан берілген үзіндіні мазмұндық және стильдік тұрғыда жалғастыру тапсырылды. Ал соңғы кезеңде ұсынылған картина мазмұнына сай ақын өлеңдерінен үзінді таңдалып, көркем оқылды.
Қатысушылар өз өнерін жан-жақты танытып, сөз мәдениеті мен сахналық шеберлігін көрсетті. Байқау қорытындысы бойынша қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар және алғыс хаттар табыстады.
І дәрежелі диплом мен «Алиса» ақпараттық құрылғысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «IT» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы Әбдібай Еркеназға бұйырды. ІІ дәрежелі диплом және сымсыз магнитті қуаттағыш Маратбек Тәснимге табысталды. ІІІ дәрежелі диплом мен құлаққап С.Нұрмағамбетов атындағы №10 орта мектептің 7-сынып оқушысы Аманбекқызы Еркеназға берілді.
Шара соңында ақынның «Орман» кітабының Брайль қарпіндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Кітаптың бір данасы №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушыларына жолданды.
Іс-шараға жалпы 55 оқырман қамтылды.

