Инвесторлармен ынтымақтастық дамудың жаңа кезеңіне қадам басады: Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында Қазақстан Үкіметі мен халықаралық іскер топтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер талқыланды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Отырыс барысында Қазақстанның жаңа Конституциясының күшіне енуі және оның инвестициялық серіктестікті кеңейтуге ашатын мүмкіндіктері сөз болды.
Олжас Бектенов ел үшін маңызды кезеңде жаңа өзгерістер жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заң Әділетті әрі Озық Қазақстан құруға бағытталған реформаларды жалғастыруға мүмкіндік береді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституция елдегі құқықтық жүйені жаңғыртуға және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған реформаларға негіз болады», — деді Премьер-министр.
Кеңеске қатысушыларға 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі саяси-құқықтық өзгерістер туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, жаңа заң шығарушы орган — Құрылтай сайлауы белгіленіп, Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды.
Премьер-министр Конституциялық Соттың жаңа Конституциядағы бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты нормаларға түсініктеме бергенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл шешім құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін де маңызды айқындық қалыптастырады.
Олжас Бектенов президенттік реформалардың қоғам тарапынан қолдау тауып отырғанын да айтты. Соңғы әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, азаматтардың 87 пайыздан астамы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенім білдірген.
Жиында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Биыл Қазақстанда Президент Жарлығымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғаны атап өтілді.
Сондай-ақ жаңа Конституцияда азаматтардың цифрлық құқықтары бекітіліп, Digital Qazaqstan стратегиясы, Цифрлық кодекс және «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданғаны айтылды.
Премьер-министр Қазақстанның толыққанды цифрлық мемлекет құру бағытын ұстанып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту экономикалық өсімге, мемлекеттік басқару тиімділігіне және азаматтардың өмір сапасын арттыруға ықпал етеді.
Кездесуде Қазақстандағы Америка Сауда палатасының өкілдері, АҚШ елшілігі және ірі халықаралық компаниялардың басшылары сөз сөйледі. Олар цифрлық реттеу, бұлтты технологиялар, деректер қауіпсіздігі, киберқауіпсіздік және жасанды интеллектіні қолдану бағыттары бойынша ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында Олжас Бектенов Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық әрі сенімді мемлекет болып қала беретінін атап өтті. Үкімет инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті жалғастырып, цифрлық экономиканы дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейте беретінін жеткізді.

