ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ 2024 ЖЫЛҒЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМІ 4,3 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАДЫ
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік мәжілісінде өңірдің 2024 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары қаралды,-деп хабарлайды «Taraz24newskz» ақпараттық агентігі .
Талқылау алдында облыс әкімі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеген алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерге кеңінен тоқталды.
Бірінші – экономиканы әртараптандыру. Облыс әкімі инвестиция тарту жұмыстарын күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Өткен жылы Жамбыл облысында 214,0 млрд теңгенің 35 инвестициялық жобасы жүзеге асырылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды. 2025 жылы 555,0 млрд теңгені құрайтын 33 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр.
Екінші – инфрақұрылымды дамытудың жаңа деңгейіне көшу. Биыл облыста жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Ағымдағы жылдың соңына дейін сумен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызға, табиғи газбен қамтамасыз етілу деңгейі 91,8 пайызға жетуі тиіс.
Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 99,5 пайызға, көше және жол желісі 89 пайызға дейін ұлғайтылады.
2025 жылы 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 361 пәтер сатып алу, «Әулиеата жастары» бағдарламасы бойынша 150-ге жуық жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда.
Үшіншіден – цифрлық технологияларды кешенді енгізу. Облыс әкімі цифрландыру және архивтер басқармасына ұялы байланыстың сапасын арттыру, жасанды интеллектіні дамыту, Тараз қаласындағы ІТ-хаб жұмысын жандандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Төртінші – энергетиканы дамыту және ядролық кластерді құру.
Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарында жаңартылатын энергия көздері саласында 3 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Сондай-ақ Тараз қаласында 200 МВт құрайтын бу газ қондырғысы орнатылады.
Бұл жобалар Мемлекет басшысының оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту тапсырмасына сай келеді.
Бесінші – агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін күшейту.
2025-2027 жылдары агроөнеркәсіп кешенінде 67,4 млрд теңгенің 22 жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Осылайша, сүт өндіру көлемі 6,5 пайызға, сақтау көлемі 10 пайызға артады.
Сондай-ақ биыл «Fufeng Group»компаниясымен бірлесіп қуаттылығы 500 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін бірегей зауыттың құрылысы басталды.
Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға бағытталған 2 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Алтыншы – салық-бюджет саясатын реформалау. Облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 100,2 пайызға орындалды. Жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 100,7 пайызға орындалып, 1,3 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ облыс әкімі Президенттің маңызды жобаларды қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясындағы бірқатар міндеттерді атап өтті.
Сегізінші – әлеуметтік қолдауды оңтайландыру және денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту.
Биыл 21 білім беру нысанының құрылысын аяқтау, 13 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Жалпы сомасы 1 486,7 млн теңгеге 4 ірі медициналық нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында облыс әкімі өңірге қажетті мамандықтар тізімін анықтап, сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруді тапсырды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында мемлекеттік тапсырыс көлемі 8 500 орынға дейін артады. Нысаналы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 500 студент оқытылады.
Облыс әкімі барлық бағыттар бойынша жедел шешімдер қабылдап, Президент тапсырмаларының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Басқосу барысында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абралиева 2024 жылдың қорытындысы туралы есеп берді.
Өткен жылы Жамбыл облысының экономикалық өсімі 4,3 пайызды құрады. Ең жоғары өсім өнеркәсіп (1,9%), құрылыс (16,2%), тұрғын үй құрылысы (4,5%), сауда (2,9%), көлік (9,9%), байланыс (7,9%) салаларында байқалды.
Негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 506,8 млрд теңгені құрады.
Есепті кезеңде 759 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бюджет қаражаты есебінен 1 159 пәтерлі 26 үй, ал жеке инвесторлар тарапынан 1547 пәтерлі 38 үй табысталды.
Әр сала бойынша жоспарды орындай алмаған бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есептері тыңдалды. Ербол Қарашөкеев өнеркәсіп және инвестиция тарту салаларындағы елеулі кемшіліктерге тоқталды.
Бейінді ведомствоға, «Тараз» ӘКК, Тараз және аудандар әкімдіктеріне экономикаға қосымша инвестициялар ағынын қамтамасыз ету үшін үйлестіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.
Іскерлік байланыстарды кеңейте отырып, әкімдер әлеуетті инвесторларды өздері тауып, әр ауданның ерекшелігін ескере отырып жобалар ұсынуы тиіс. Оның нәтижелері өңір басшысының қатысуымен өтетін ай сайынғы кеңесте талқыланатын болады.
Облыс әкімі 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға қатысты қойылған тапсырмаларды орындамағаны үшін шаралар қабылданатынын баса айтты.
– Мемлекет басшысы нақты іс-әрекеттер мен батыл шешімдер қажет екенін атап өтті. Жауапты тұлғалар жүктелген міндеттердің орындалуына толық жауапкершілікпен қарауы тиіс. Біз мемлекеттік қолдау құралдарын барынша пайдалануымыз керек. Бюджет қаражатын үнемдеп, тек әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру қажет. Түпкі мақсат – азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған экономикалық өсуді қамтамасыз ету, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.