ҚАРАТАУДА ЖАСТАРҒА ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ЗИЯНЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Қаратау қаласындағы «Қаратау-құрылыс технология» колледжінде жастар арасында құмар ойынның алдын алуға арналған кездесу өтті — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиынның негізгі мақсаты – жасөспірімдерді құмар ойынға тәуелділіктің салдарынан сақтандыру, оның зардабын түсіндіру және салауатты өмір салтына бағыт беру. Сондай-ақ қатысушыларға бос уақытты тиімді өткізу жолдары жөнінде кеңес айтылды.
Кездесуге Талас аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция лейтенанты Өтеміс Айдос Әуесханұлы қатысып, жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін кеңінен қозғады. Ол құмар ойындардың адам өміріне тигізетін кері әсерін нақты мысалдармен түсіндіріп, мұндай әдеттің әлеуметтік және қаржылық қиындықтарға әкелетінін атап өтті. Сонымен қатар заң аясындағы жауапкершілікке де тоқталды.
Іс-шара соңында жастарға зиянды әдеттен бойды аулақ ұстап, білім мен спортқа ден қоюдың маңызы түсіндірілді.

