ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ МЕКТЕБІ – ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК
Қазақстанда мемлекеттік қызметке жастарды тарту және олардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы жүргізілуде, деп хабарлайды Taraz24`news.kz.
Бұл жоба аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы бекіткен әдістемелік ұсынымдарға сәйкес талантты кадрларды іздеу және қалыптастыру жұмыстары ұйымдастырылуда. Мақсат – мемлекеттік қызметке қабілетті, бастамашыл, кәсіби дайын жастарды тарту, олардың құзыреттілігін дамыту және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру.
Жоба жастарға мемлекеттік қызметтің оң имиджін танытып қана қоймай, оларды практикалық біліммен қамтамасыз етеді. Биыл Жамбыл облысының жоғары оқу орындарынан 45 түлек өтініш беріп, мемлекеттік органдардан өндірістік практикадан өтті және эссе жазды. Қазіргі уақытта 18 қатысушы 40 академиялық сағат көлеміндегі оқыту бағдарламасына қатысып, тиімді коммуникация, көшбасшылық, стратегиялық ойлау, бастамашылдық, әдеп нормалары мен қағидаттар сияқты дағдыларды меңгеруде.
23-27 ақпан аралығында жоба аясында қатысушылар команда құру, мемлекеттік басқару жүйесі, мансаптық өсу мотивациясы, жобалық менеджмент және мемлекеттік қызметтегі негізгі қағидаттар бойынша сертификаттар алды. Алдағы кезеңде олар заңнаманы білуге арналған тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.
Жас мемлекеттік қызметшілер мектебін сәтті аяқтаған түлектер «Таланттар пулына» қабылданып, сертификат алады. Бұл жоба білімді, озық жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру мен кәсіби мамандар даярлауға жүйелі түрде қызмет етеді.

