BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МОЙЫНҚҰМДА ҚУАТЫ 1 ГВт ЖЕЛ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне қатысты — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық порталы.

Салтанатты жиынға «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге қатысып, ал TotalEnergies компаниясының жаңартылатын энергия бағыты бойынша вице-президенті Оливье Жуни бейнебайланыс арқылы құттықтауын жеткізді.

Аймақ басшысы бұл жоба Мойынқұмның әлеуетін арттырып, ел энергетикасына тың серпін беретінін айтты. Оның сөзінше, жасыл энергетика – мемлекеттік саясаттағы негізгі бағыттардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға айрықша көңіл бөліп отыр. Табиғи мүмкіндігі мол Мойынқұм алдағы уақытта еліміздің энергетикалық картасында маңызды орын алмақ.

Жобаны «Ақтас Энерджи» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жалпы инвестиция көлемі 620 млрд теңгені құрайды. Станцияның қуаты 1 ГВт болса, оған қоса 300 МВт / 600 МВт·сағ энергия сақтау жүйесі де қарастырылған. Жобаға TotalEnergies, «ҚазМұнайГаз» және Samruk Energy компаниялары серіктес ретінде қатысуда.

Жел электр станциясы іске қосылғаннан кейін жыл сайын шамамен 4 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде көмірқышқыл газының көлемін 3,2 млн тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Құрылыс кезінде 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылса, нысан пайдалануға берілген соң 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаны толық аяқтау 2028 жылдың соңына жоспарланған.

Зерттеу жұмыстары жүргізілетін аумақ шамамен 30 мың гектарды қамтиды. Оның ішінде геологиялық, топографиялық және экологиялық сараптамалар бар.

Жалпы, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша республикада алдыңғы қатарда. Қазір өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 нысан жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 6 су электр станциясы, 10 жел электр станциясы және 6 күн электр станциясы бар.

Өткен жылы облыста 5 818,9 млн кВт·сағ электр энергиясы өндірілсе, соның 1 479,0 млн кВт·сағ-ы жаңартылатын көздерге тиесілі.

Алдағы жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай өңірдегі жаңартылатын энергия нысандарының қуаты 2,5 ГВт-қа жетіп, олардың саны 24-ке дейін ұлғаймақ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *