BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

Т. РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДАҒЫ ЕКІ АУЫЛҒА ТАЗА АУЫЗСУ ЖЕТКІЗІЛДІ

25 қазан – Республика күні қарсаңында Т. Рысқұлов ауданының Қайыңды ауылдық округіне қарасты Сөгеті және Мамай ауылдарының тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді. Бұл туралы деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрайтын қос жоба мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Темір Строй Сервис и Ко» және «Пырақ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Ернар Есіркепов бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен 2025 жылдың соңына дейін елді мекендерді толық ауызсумен қамту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асқанын атап өтті.

Бұған дейін тұрғындар ауызсуды көше бойынан тасып пайдаланса, енді әр үйге дейін тартылған таза судың игілігін көруде.

Ауыл тұрғындары мен ақсақалдар жаңа нысанның іске қосылуына үлес қосқан азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетсек, соңғы үш жылда аудан аумағындағы ондаған елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы үш елді мекен — Шөңгер, Құлан және Р. Сәбденов ауылдарындағы су нысандары пайдалануға берілмек.

Осылайша, Мемлекет басшысының тұрғындарды таза ауызсумен толық қамту жөніндегі тапсырмасы Тұрар Рысқұлов ауданында жүйелі түрде орындалып келеді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *