ТАРАЗДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРУГЕ АРНАЛҒАН ЖАСТАР КОНЦЕРТІ ӨТТІ
Тараз қаласындағы Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Конституциялық реформаға қолдау» атты live-концерт ұйымдастырылды. Шараға Жамбыл облысының жастары мен қала тұрғындары қатысып, 2,5 мыңнан астам адам жиналды. Іс-шара Жамбыл облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясындағы алғашқы ірі қоғамдық алаңдардың біріне айналды. Концерт барысында қатысушылар алдағы референдумға қатысып, Жаңа Конституция жобасына қатысты өз ұстанымдарын білдіруге шақырылды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, конституциялық өзгерістер елдегі жүйелі саяси жаңғыру үдерісінің жалғасы болып саналады. Реформалардың негізгі мақсаты – әділдік пен заң үстемдігін нығайту, өкілді органдардың ықпалын арттыру және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету. Сонымен қатар ұсынылған түзетулерді ашық қоғамдық талқылаудан өткізу және халықты кеңінен ақпараттандырудың маңыздылығы атап өтілген.
Мәдени-көпшілік форматта өткен концертке қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сахнада қазақстандық эстрада орындаушылары Kalifarniya мен DARICORN өнер көрсетті. Сондай-ақ облыстық филармония әртістері де концерттік бағдарламаны толықтырды.
Іс-шара аясында жалпыұлттық коалиция өкілдері мен жастар ұйымдарының мүшелері сөз сөйледі. Жамбыл облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Кадралиев, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті Аяна Ким және «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ерғали Әбуғали Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, алдағы референдумның маңызына тоқталды.
Спикерлердің айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер елдің саяси жүйесін жетілдіруге, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге және жастар белсенділігін арттыруға бағытталған. Олар тұрғындарды саналы таңдау жасап, азаматтық жауапкершілік танытуға шақырды.
Жамбыл облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының дерегінше, шара өңірдегі түсіндіру жұмыстары аясындағы алғашқы ірі қоғамдық алаңдардың бірі болды. Бұған дейін облыста саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін біріктірген коалиция құрылған.

