МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ РАМАЗАН АЙЫНЫҢ БАСТАЛУЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, бұл кезеңнің рухани тазару мен ізгілікке үндейтін маңызына тоқталды. Президент ораза айы адамдарды сабыр мен төзімге тәрбиелеп, қоғамда мейірім, жауапкершілік және адалдық сияқты құндылықтарды нығайтатынын атап өтті. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы қазіргі әлемдегі күрделі жағдайды ескере отырып, Рамазанның рухани мәнін терең түсініп, оның тағылымын саналы түрде қабылдаудың маңызын айтты. Оның пікірінше, бұл – имандылық пен кемелдікке бастайтын жол.
Құттықтауда еліміздің ауқымды өзгерістер кезеңіне қадам басқаны да айтылды. Президенттің мәлімдеуінше, республикалық референдумға ұсынылған жаңа халықтық Конституция жобасы мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындайтын негізгі құжат болмақ.
Бұл құжат мемлекеттілікті нығайтуға, саяси, азаматтық және экономикалық институттардың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтарды сақтай отырып, құқық үстемдігіне, тәртіп пен тазалыққа, әділдік пен отаншылдыққа негізделген жаңа қоғамдық болмыс қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Президент бұл қағидаттар қасиетті Рамазан айының тағылымымен үндесетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Рамазан айының білімге, тазалыққа және игілікке бастайтын өркениетті қоғамда ерекше рухани мәнге ие екенін айтып, мұсылман жамағатына ізгі тілегін білдірді.

