BASTY BETJAŃALYQTAR

БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОТБАСЫ, МЕКТЕП ЖӘНЕ ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

2026 жылғы 18 ақпанда «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік: отбасы, мектеп, қоғам» атты облыстық ата-аналар форумы өтті – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Форумға облыс аумағындағы мемлекеттік органдардың, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, мектеп пен колледж директорларының, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері белсенді қатысқан.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әбутәліп Мүтәлі мен Мұқаш Зұлқарнайұлы Ескендіров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемов, сондай-ақ құқық қорғау және адам құқықтарын қорғау саласының өкілдері болды.

Форумды Нұрбек Әбубекұлы Оршыбеков жүргізіп, бала тәрбиесі – тек отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Жиын «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әзірленген бейнероликті тамашалаумен басталды. Бейнероликте құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен қамтылды.

Жиынның алғашқы сөзін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемов алды. Ол жас ұрпақтың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуі – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі ата-ана мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты күшейту, бала құқығын қорғау мәселелеріне тоқталды.

Форум барысында бала құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен интернеттегі қауіптердің алдын алу тақырыптары жан-жақты қаралды. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Тілешұлы Қуанышев ата-аналардың бала тәрбиесіндегі конституциялық құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен баяндады.

Облыс прокурорының кәмелетке толмағандар істері бойынша аға көмекшісі Данияр Валиханұлы Кемелхан құқықтық профилактика шаралары және жасөспірімдер арасындағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызын түсіндірді.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен әзірленген арнайы профилактикалық фильм көрсетілді. Фильм балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған.

Жамбыл облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Ақбалтаұлы Абдикаримов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар мен ата-аналармен бірлескен профилактикалық іс-шаралардың нәтижелері туралы баяндады.

Балалардың психологиялық саулығы да назардан тыс қалмады. Облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының міндетін атқарушы Айгерім Қошқарбекқызы Исмаилова жасөспірімдер арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық пен буллингтің алдын алу шаралары жайлы айтты.

Облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Норманбекқызы Жұбандықова ата-аналар қауымдастығының тәжірибесімен бөлісіп, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарға тоқталды.

Форум соңында қатысушылар арасында ашық пікір алмасу жүргізіліп, ұсыныстар мен бастамалар талқыланды.

Іс-шара қорытындысында бала тәрбиесінде отбасы, мектеп пен қоғам арасындағы өзара байланыс пен жауапкершілікті арттыру қажеттігі тағы бір мәрте атап өтілді. Форумда көтерілген мәселелер мен ұсыныстар өңірдегі тәрбие жұмысының сапасын жақсартуға, балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуына жаңа серпін беретіні айқындалды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *