ЖАМБЫЛ ӨҢІРІНДЕ АГРОӨНЕРКӘСІПТІ ЖАҢҒЫРТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ
Тараз қаласында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек, салалық басқармалар, қаржы институттары мен өңдеу кәсіпорындарының өкілдері қатысты. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кеңесте саладағы басым бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған міндеттерге сәйкес қаралды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есеге ұлғайту, терең өңдеуді дамыту, «өндірушіден сөреге дейін» қағидатын орнықтыру, цифрлық шешімдерді енгізу және экспорттық әлеуетті кеңейту мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге мал шаруашылығын қолдау, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін толық айналымға қосу және заманауи технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект элементтерін енгізу қажеттігі атап өтілді.
Биыл облыста егіс көлемін 665,4 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Дақыл құрылымын әртараптандыруға және суды көп қажет ететін бағыттарды қысқартуға басымдық берілмек. Суармалы инфрақұрылымды жаңарту жалғасып жатыр. Бірқатар канал жөнделуде. Бұл шаралар аграрлық өндірістің тұрақтылығын күшейтуге бағытталған.
Кеңесте қант қызылшасының жай-күйі де сөз болды. Өткен жылғы жоғары өнімнен кейін биыл егіс көлемі қысқарып, өңдеу көрсеткіштеріне әсер еткен. 2025 жылы саланы субсидиялауға 2,7 миллиард теңге бөлу көзделген. Ал жаңа бюджет мүмкіндіктері 2027 жылы күтілетіндіктен, шаруаларға несие жүктемесін есеппен алу ұсынылды.
Перспективалы бағыт ретінде жүгері алқаптарын ұлғайту мәселесі көтерілді. Өнімнің бір бөлігі қайта өңдеуге, соның ішінде Fufeng Group кәсіпорнына жөнелтіледі. Кәсіпорын бекітілген сатып алу бағасын және уақытылы есеп айырысуды қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Мамандар ауыспалы егіс талаптарын сақтау, суару режимін тиімді ұйымдастыру және топырақ құнарлылығын қорғау мәселелеріне назар аударды.
Кездесу қорытындысында егіс құрылымын су ресурстарының мүмкіндігіне, мемлекеттік қолдау тетіктеріне және нарық талаптарына сай айқындау міндеті қойылды. Негізгі мақсат – өндіріс тиімділігін арттырып, агросаланы технологиялық тұрғыдан жаңғырту.

