JAŃALYQTAR

АСТАНАДА ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Астанада Заңнама және құқықтық ақпарат институтында жаңа Конституция жобасына арналған сараптамалық кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов қатысты. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Кездесудің негізгі тақырыбы адам құқықтарын қорғау бағытындағы конституциялық өзгерістерге арналды. Талқылау барысында жаңа құқықтық тетіктер мен кепілдіктер мәселесі қаралды. Жиынға Институт басшылығы, ғылыми қызметкерлер, сондай-ақ конституциялық құқық саласының сарапшылары мен заңгерлер қатысты.

Іс-шара ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар саяси-құқықтық институттардың жаңғыру үдерісін және Негізгі заңдағы құқық қорғау механизмдерін күшейту бағыттарын талқылады.

Марат Башимов өз сөзінде құқықтық жүйені ізгілендіру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы азамат мүддесін қорғауға бағытталған әрі тікелей қолданылатын құжат болуы тиіс. Сонымен қатар ол конституциялық нормалардың дамуы декларативті сипаттан нақты іске асыру тетіктерін қалыптастыру кезеңіне өткенін атап өтті.

Кездесу барысында жаңа конституциялық нормаларды қолданыстағы заңнамаға енгізудің практикалық қырлары да сөз болды. Әкімшілік әділеттілікті жетілдіру, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері көтерілді.

Институт директоры Индира Әубакірова заң шығару процесін ғылыми негізбен ұштастырудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, депутаттардың Институт алаңындағы талқылауларға қатысуы ұсынылып отырған өзгерістерге терең құқықтық сараптама жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Марат Башимовтың ғылыми әрі парламенттік тәжірибесі заңнаманы жетілдіруге сапалы ұсыныстар әзірлеуде маңызды рөл атқаратыны айтылды.

Жиын қорытындысында қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық реформалар адам құқықтары саласындағы қазіргі сын-қатерлер мен халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деген ортақ тұжырымға келді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *