BASTY BETJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ҚОРҒАЛАДЫ

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызмет мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы қағидаттарына негізделеді. Мемлекеттік қызметшілер еңбекті, денсаулықты қорғауға, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажетті еңбек жағдайларына, сондай-ақ әлеуметтік және құқықтық қорғалуға құқылы.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметінің негізгі бағыттарының бірі – азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау және оларды қалпына келтіру болып табылады.

2025 жылы департаменттің бақылау шаралары нәтижесінде облыста 61 адамның (56 мемлекеттік қызметші, 5 жеке тұлға) құқықтары қорғалды. Мәселен, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге бару шығыстары өтеледі. Сонымен қатар, еңбек заңнамасында іссапар шығындарын төлеу мерзімдерін бұзғаны үшін өсімпұл төлеу қарастырылған.

Департаменттің тақырыптық талдау нәтижесінде 213 мемлекеттік қызметшіге жалпы сомасы 372 233 теңге көлемінде өсімпұл төленді.

Еңбек заңнамасында үстеме жұмысқа тартылған мемлекеттік қызметшілерге демалыс сағаттарын ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Жергілікті мемлекеттік органдарға бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижесінде 15 қызметшіге жалпы 22 сағаттан астам демалыс берілді. «Е-қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы қашықтықтан жүргізілген мониторинг бойынша 247 мемлекеттік қызметшіге 357 сағаттан астам қосымша демалыс уақыттары беріліп, бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Мемлекеттік қызметшілерді үстеме жұмысқа тарту мәселесі Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында екі рет қаралып, нәтижесінде мемлекеттік органдарға 15 ұсыным берілді. Басқармамен жолданымдарды қарау барысында 7 азаматтың (4 мемлекеттік қызметші, 3 жеке тұлға) бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, 12 қызметші түрлі тәртіптік жазаға тартылды.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға іріктеу және конкурс өткізу уақытша қағидаларын бұзу фактісі анықталған. Департаменттің ұсынымы бойынша конкурстың нәтижелері жойылып, шағым иелерінің бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарынан өтуі талданып, нәтижесінде жергілікті атқарушы органдардың 33 қызметшісі тиісті оқудан өтті. Тәртіптік комиссия жұмысына талдау жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге берілген заңсыз екі тәртіптік жазаның күші жойылды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *