BASTY BETJAŃALYQTAR

ЖАС МАМАНДАР МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЛАУАЗЫМДАРҒА КОНКУРССЫЗ ТАҒАЙЫНДАЛУЫ МҮМКІН

Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілер жойылып, орналасу тәртібі жеңілдетілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2023 жылдан бастап жас мамандарға мемлекеттік қызметке кіру мүмкіндігі жеңілдетілді.

Атап айтқанда, мемлекеттік грант негізінде жоғары білім алып, оқуын жақсы нәтижемен (GPA 3,33-тен төмен емес) аяқтаған түлектер диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде төмендегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурссыз тағайындалуға мүмкіндік алады:

  • облыс және аудан әкімдері аппаратының басшылық емес лауазымдары;
  • жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс, аудан атқарушы органының басшылық емес лауазымдары;
  • аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкім аппаратының басшылық емес лауазымдары;
  • орталық мемлекеттік орган және оның ведомствосының аудандық бөлімшесінің басшылық емес лауазымдары.

Конкурссыз тағайындау шарттары:

  • Білім негізі – мемлекеттік білім беру тапсырысы (грант) бойынша оқу;
  • Орташа баға (GPA) – 3,33-тен төмен болмауы тиіс;
  • Уақыт шектеуі – диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде;
  • Келісім – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментінің келісімі.

Бұл мүмкіндік жас мамандарды жұмыспен қамту және мемлекеттік қызметке тарту мақсатында уәкілетті органның келісімімен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыру және өңірлердегі кадр тапшылығын шешу үшін қабылданған норма болып табылады.

Қазақстанда мемлекеттік қызмет жастар үшін кәсіби өсуге, тұрақтылыққа және елдің дамуына үлес қосуға арналған мансаптық мүмкіндік болып табылады. 2023 жылдан бастап Жамбыл облысындағы мемлекеттік органдарға 55 жас маман аудандық деңгейдегі басшылық емес лауазымдарға конкурссыз қабылданған. Оның ішінде 2023 жылы – 5, 2024 жылы – 28, 2025 жылы – 22 жас маман ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен мемлекеттік қызметке қабылдануға келісім алған.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *