АСТАНАДА ХҚКО БАЗАСЫНДА ЦИФРЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША ТЕГІН ОҚЫТУ БАСТАЛДЫ
Астанада халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірі тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған оқыту алаңына айналды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы елордада азаматтарды мемлекеттік қызметтерді онлайн рәсімдеуге үйрететін тегін офлайн курсты іске қосты, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Жоба Мемлекеттік корпорацияның «Таным» оқу орталығы мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының қатысуымен ұйымдастырылған. Сабақтар тәжірибелік форматта өтеді. Қатысушыларға «Электрондық үкімет» порталы, мемлекеттік органдардың бірыңғай интернет-платформасы, сондай-ақ «ЦОН» және «eGov Mobile» қосымшаларын пайдалану тәртібі түсіндіріледі. Мамандар қажетті қызметтерді онлайн алу жолдарын кезең-кезеңімен көрсетеді. Бағдарлама мазмұны тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтар мен сұраныстар негізінде жасақталған.
Бастама Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған цифрландыру бағытындағы міндеттер шеңберінде жүзеге асырылып отыр. Сонымен бірге жоба халыққа қызмет көрсетудің жаңа форматы – «Цифрлық халық кеңсесі» үлгісін енгізуді көздейді. «Apple Store» форматына ұқсас бұл тәсіл азаматтарға қызметтерді жедел алуға және оларды өз бетінше онлайн рәсімдеуді меңгеруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жоба пилоттық режимде іске асуда. Бірінші тоқсанда оқыту Астанада жүргізілсе, екінші тоқсанда оны өңірлерге тарату жоспарланған.
Оқыту тегін және тұрақты негізде өткізіледі. Сабақтар әр сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін Астана қаласындағы «Нұра» аудандық ХҚКО бөлімінде (Керей мен Жәнібек хандар көшесі, 4) өтеді. Қатысу ақысыз.

