BASTY BETJAŃALYQTAR

АЛМАТЫ ЖАСТАРЫ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫН ҚОЛДАДЫ

Алматы қаласының Әуезов ауданындағы комьюнити-орталықта қалалық жастардың қатысуымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған интеллектуалды Meet-up өтті – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, сарапшылар және жас белсенділер қатысып, кездесу жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы интерактивті форматта ұйымдастырылды.

Жастар ашық диалог алаңында сұрақ қойып, өз пікірлерін білдіріп қана қоймай, оларды жасанды интеллекттің аналитикалық қорытындыларымен салыстырды. Бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде алматылық жастар арасында конституциялық батл өткізілді.

Іс-шараға Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, Үнзила Шапақ, жастар ұйымдарының өкілдері, сарапшылар, комьюнити-орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің, медиа өкілдері қатысты. Қаланың белсенді жастары жаңа Конституция жобасын қолдап, енгізіліп отырған жаңашылдықтардың ел болашағы үшін маңыздылығын атап өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты — жаңа Конституция жобасын жан-жақты талқылау, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, құқықтық мәдениетті дамыту және заманауи технологияларды қолдану арқылы сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру болды.

Жас ғалым Әкежан Кеңесов жаңа форматтың маңыздылығын атап өтті:
«Жасанды интеллект құралдарын пайдалану жастарға конституциялық реформалардың мәнін терең әрі қолжетімді түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай алаңдар құқықтық сауаттылықты арттырып, өзекті қоғамдық мәселелерді ашық талқылауға жағдай жасайды».

«Qamqor» қоғамдық қорының жетекшісі Бағдат Анарбаева Конституция жобасының құндылықтық негізіне тоқталды:
«Жаңа жобада “Әділетті Қазақстан” бағдары мен “Заң және тәртіп” қағидаты айқын көрініс тапқан. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы бекітілген, бұл заңдылықты нығайтуға және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға бағытталған».

Алматы қаласының волонтёрлік фронт-офисінің жетекшісі Қымбат Нұрдәулет волонтёрлік қызметке қатысты өзгерістерге назар аударды:
«Кез келген өзгеріс дұрыс түсіндіріліп, тиімді жүзеге асырылған жағдайда ғана оң нәтиже береді. Жаңа Конституцияда волонтёрлік пен қайырымдылық қорлары саласына қатысты өзгерістер ұсынылып отыр, бұл волонтёрлік қызметті ынталандыруға бағытталған. Бүгін мұнда Алматыдағы жастар ұйымдарының көшбасшылары мен басшылары жиналды, ал алматылық жастардың пікірі салмақты және нәтижелі болады деп ойлаймын».

Жас кәсіпкер Ақарыс Төребеков іс-шара форматының жастардың заманауи сұранысына сай екенін атап өтті:
«Бүгінде жасанды интеллект жастар өмірінде – оқуда, тұрмыста, күнделікті шешім қабылдауда – маңызды орын алады. Бізде қатысушының сұрағы, қатысушының пікірі және ЖИ-нің қорытындысы бар. Жастар не дейді, ЖИ не айтады және іс-шара қонақтары қандай шешім қабылдайды – соны көру қызық. Жастар көзқарасы арқылы қалыптасқан ортақ пікір – құнды».

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым конституциялық батлға қатысып, форматты жоғары бағалады:
«Бұл — өте жақсы, жастарға лайықты әрі заманауи формат. Қазірге дейін жаңа Конституция жобасы бойынша азаматтардан төрт мыңнан астам ұсыныс түсті. Олар Конституциялық соттың салыстырмалы кестелерінде орналастырылған, яғни адамдар бұл өзгерістердің тең авторына айналып отыр».

Іс-шара қорытындысы бойынша Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері жаңа Конституцияны қолдаған алматылық жастардың белсенділігін жоғары бағалады. Қатысушылар конституциялық бастамалардың мәнін терең түсінгенін көрсетті, ал мұндай интеллектуалды және ашық форматтар азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және құқықтық реформаларды қолдауға ықпал ететіні атап өтілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *