BASTY BETJAŃALYQTAR

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА – БОЛАШАҚҚА ЖАСАЛҒАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ҚАДАМ

Қазақстан Халық партиясы еліміздің барлық өңірлерінде Конституциялық реформаны түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Азаматтарға ұсынылып отырған өзгерістер мен жаңашылдықтар, сондай-ақ құжатқа енгізілетін нормативтік түзетулер жайлы ақпарат беріліп, тұрғындардан ұсыныстар мен ұсынымдар қабылдануда.

Абай облысы, Ақсуат аудандық филиалы ҚХП өкілдері жергілікті белсенділермен «Жаңа Конституция – Қазақстанның құқықтық тірегі» тақырыбында пікірталас өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – Конституциялық реформаның мәнін түсіндіру, құқықтық мемлекет қалыптастырудағы негізгі өзгерістерді талқылау және партияның ұстанымымен таныстыру.

Пікірталас барысында жаңа Конституцияның саяси жүйені жаңғыртудағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызы, мемлекеттік басқаруды жетілдірудегі орны қарастырылды. Қатысушылар Конституциялық реформаның қоғамның дамуына әсері туралы пікір алмасты және өздеріндегі сұрақтарға жауап алды. Жиын «Әділетті Қазақстан» қалыптастырудағы маңызды қадам деп қорытындыланды.

Партия өкілдері пікірталастың ашық әрі сындарлы диалог алаңын қалыптастырғанын атап өтті. Бұл тәжірибе партия мүшелерінің азаматтық белсенділігін арттыруға және қоғамдағы оқиғаларға жауапкершілікпен қарауға септігін тигізеді.

Қызылорда облыстық филиалы «Конституциялық реформа – ел болашағына жасалған жаңа қадам» ұранымен жаңа Конституция жобасына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы, коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және бақылау бөлімінің өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ, адвокаттар алқасының өкілдері және Жастар ресурстық орталығының директоры қатысты.

Кеңес барысында құжатқа енгізілетін негізгі өзгерістер мен толықтырулар таныстырылды. Сарапшылар Конституциялық реформаның қоғамдағы әділеттілікті нығайтуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және азаматтық белсенділікті күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ құжатта азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық берілгені айтылды.

Түркістан облыстық филиалының ұжымы да жергілікті белсенділермен Конституция жобасын талқылады. Партия өкілдерінің айтуынша, азаматтардың пікірі ескеріліп, талқылаулар алдағы уақытта жалғасады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *