BASTY BETBILİKJAŃALYQTARTARAZ 24 ONLINE kz

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ФИНЛЯНДИЯ ПРЕЗИДЕНТІ АЛЕКСАНДР СТУББПЕН КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келген Финляндия Республикасының Президенті Александр Стуббты қарсы алды. Жоғары деңгейдегі келіссөздер алдында Ақорда резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Протоколға сай тараптар ресми делегация мүшелерін таныстырып, құрмет қарауылының рапортын қабылдады. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін президенттер шағын құрамда кездесу өткізді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббтың сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Финляндия арасындағы достық пен өзара түсіністікке негізделген қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті. Президент инвестиция және сауда салаларында жаңа мүмкіндіктер бар екенін айтып, бизнес-форумның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ гуманитарлық байланыстар мен мәдени алмасуды дамыту бағытындағы ынтымақтастықты ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Финляндия Президенті Александр Стубб қонақжайлық үшін алғыс білдіріп, бұл сапарды ерекше маңызды деп атады. Ол екіжақты қарым-қатынас пен іскерлік байланыстарға, сондай-ақ сыртқы саясат және қауіпсіздік мәселелеріне баса назар аударылатынын айтты.

Келіссөздер екі ел делегацияларының кеңейтілген құрамдағы отырысында жалғасты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндияның Қазақстанның Солтүстік Еуропа және Еуропалық Одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Финляндияның таза энергетика, технология, цифрландыру, білім беру және экологиялық жауапкершілік салаларындағы тәжірибесін жоғары бағалады.

Сонымен қатар тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және өңірлік өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады. Президент фин бизнес өкілдерін Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды пайдалана отырып, Орталық Азия нарығына шығуға шақырды.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Құжатта тараптардың ортақ ұстанымдары мен ынтымақтастықты тереңдету бағыттары көрсетілген.

Александр Стуббтың ресми сапары аясында екі ел арасында 15 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану, су ресурстарын басқару, туризмді дамыту және экологиялық жобаларды жүзеге асыру бойынша меморандумдар бар.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *