ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 275 ГЕКТАРҒА ЖУЫҚ ЖЕР МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы бірқатар жер учаскелері заң талаптарын бұза отырып пайдаланылғаны анықталды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне қарасты Жамбыл облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің біріне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру барысында тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүзеге асыру үшін берілген жалпы аумағы 1 883 гектар жердің бір бөлігі нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны белгілі болды. Жер пайдаланушы жайылымдық алқаптарды жыртып, оларды егістік жер ретінде қолданған.
Аталған жағдай қолданыстағы жер заңнамасының талаптарына қайшы келеді. Осыған байланысты жер пайдаланушыға анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілген.
Алайда белгіленген мерзімде талаптар орындалмаған. Соның нәтижесінде жер ресурстарын басқару департаменті Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдаған.
Сот шешімімен жалпы аумағы 274,9 гектар жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне қайтарылды. Қабылданған шешім заңды күшіне енді.

