BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН МЕН МАҢҒОЛИЯ ТАУАР АЙНАЛЫМЫН 500 МИЛЛИОН ДОЛЛАРҒА АРТТЫРУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Хассуурийн Ганхуягпен кездесті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Келіссөз барысында Серік Жұманғарин моңғолиялық әріптесін жаңа лауазымға тағайындалуымен құттықтап, оның жұмысына табыс тіледі. Ол Моңғолияны Қазақстанның Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара құрмет пен сенім негізінде тұрақты дамып келе жатқанын айтты.

Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге басымдық беріп отыр. Мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада екіжақты тауар айналымын 500 миллион долларға жеткізу міндетін қойған. Бұл мақсатқа жеткізу номенклатурасын кеңейту, кооперациялық жобаларды ілгерілету және сауда-әкімшілік кедергілерді кезең-кезеңімен жою арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр.

2025 жылдың қаңтар-қараша айларындағы дерек бойынша, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 121,5 миллион долларға жетіп, 5,5 пайыз өсім көрсеткен. Оның ішінде экспорт көлемі – 113 миллион доллар, импорт – 8,6 миллион доллар. Қазақстан Моңғолияға темекі өнімдері, рапс тұқымы, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер, майлы дақылдар, тамақ тауарлары, сондай-ақ машина жасау өнімдерін экспорттайды. Моңғолиядан негізінен ет және ет өнімдері, кашемир, аяқ киім, кілем және жүн өнімдері жеткізіледі.

Сауда көлемін ұлғайту үшін Қазақстан тарапынан тікелей іскерлік байланыс орнатуды көздейтін арнайы сауда миссиясын Моңғолияға жіберу жоспарланып отыр. Делегация индустриялық және еркін экономикалық аймақтардың мүмкіндіктерін, сондай-ақ экспорттық әлеуетті таныстыруға басымдық бермек.

Кездесуде ауыл шаруашылығы бағытындағы ықпалдастық та талқыланды. Тараптар қазақстандық аграрлық өнім экспортын арттыру, Моңғолия аумағында өндіріс ұйымдастыру, сондай-ақ ветеринариялық вакциналарды жеткізу перспективаларын қарастырды.

Өз кезегінде Хассуурийн Ганхуяг Қазақстанның Моңғолия үшін аймақтағы стратегиялық маңызын атап өтті. Ол биыл екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін айтып, тарифтік емес кедергілерді анықтау және жою жөнінде бірлескен жұмыс тобын құру бастамасын ұсынды. Сонымен қатар, Моңғолия тарапы стандарттау, ветеринариялық бақылау және мал шаруашылығы салаларында әріптестікті кеңейтуге ықылас білдірді.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделілік танытты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *