2026 ЖЫЛЫ 13 СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ
2025 жыл Жамбыл облысының спорт саласы үшін нәтижелі кезең болды. Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту, жоғары жетістіктер спортын қолдау және бұқаралық спортты кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимовтің мәлімдеуінше, өткен жылы аймақта үш облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылып, тағы екі спорт мекемесі клуб ретінде қайта құрылды. Олимпиада резервін даярлау орталығының спорт кешені «Жамбыл» бокс орталығы болып қайта рәсімделіп, бокс спорты жүйелі дамытылды.
Сонымен қатар, Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» жобасы аясында спорт сарайының сыртқы алаңы жаңартылды. Өткен жылы Футбол академиясының құрылысына капсула салу рәсімі өтті.
Қазіргі таңда облыс спорт мекемелерінде 27 507 спортшы тұрақты жаттығып, олармен 1 136 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде. Өңірде спорттың 88 түрі қамтылып, 858 жамбылдық спортшы Ұлттық құрама командалар құрамында түрлі жарыстарға қатысуда.
2025 жылы облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 1 856 медаль жеңіп алды, оның ішінде 686 алтын, 515 күміс және 655 қола жүлде бар. Халықаралық жарыстар арасында Токиода өткен Сурдлимпиада ойындары ерекшеленді: Жамбыл облысынан 12 спортшы 7 спорт түрінен сынға түсіп, 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.
Командалық жарыстарда да айтарлықтай жетістіктер тіркелді. Қазақ күресінен Қазақстан чемпионатында Жамбыл облысы құрамасы күміс медаль жеңіп алса, бокс, дзюдо және футболдан жасөспірімдер құрамалары жалпы есепте жеңімпаз атанды. Көкпардан жастар құрамасы 9-рет Қазақстан чемпионы атанса, ересектер құрамасы 15-рет ел чемпиондығын иеленді. Еркін күрестен облыс құрамасы бесінші жыл қатарынан ел чемпионы болып отыр.
Сонымен қатар, жастар ойындарының қорытындысы бойынша Жамбыл облысы 20 өңір арасында 5-орынға тұрақтады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйелі спортпен айналысатын тұрғындар саны 514,9 мың адамға, яғни облыс тұрғындарының 44,8 пайызына жетті. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауылдық жерлерде 290 спорт нұсқаушысы жұмыс істеп, 4 286 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 400 мың адам қамтылды.
Спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қарқын алды. Қазіргі таңда облыста 2 465 спорт нысаны жұмыс істеп, тұрғындар үшін қолжетімді. 2025 жылы 8 спорт нысаны мен 103 спорт алаңшасы пайдалануға беріліп, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 75,4 пайызға жетті. 2026 жылы тағы 13 спорт нысаны пайдалануға берілетін болады.
Басқарма басшысы Ернар Ибраимовтің айтуынша, 2026 жылы спорт саласын дамыту, жоғары жетістіктер спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және бұқаралық спортты кеңейту бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылады.
– Жапонияда өтетін ХХ Жазғы Азия және V Пара Азия ойындарына дайындық жұмыстары күшейтіліп, оқу-жаттығу жиындары мен медициналық-қалпына келтіру шараларына басымдық беріледі. Сенегалда өтетін IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасына облыс спортшыларының лицензия алуын қамтамасыз ету және халықаралық жарыстарға дайындау жұмыстары жалғасады. Жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, спорт федерацияларымен ынтымақтастықты нығайту, балалар мен бұқаралық спортты дамыту – басты міндеттердің бірі. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға басымдық бере отырып, өңір спортының нәтижелілігін арттыру жоспарлануда, – деді Ернар Ибраимов.

