BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ ДОНАЛЬД ТРАМППЕН ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СӨЙЛЕСТІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы мазмұнды әңгіме жүргізді. Келіссөз барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер мен халықаралық ахуалды, оның ішінде Украина төңірегіндегі жағдайды талқылады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Әңгіме барысында Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық әрі жүйелі түрде іске асыруға Қазақстан мүдделі екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Украинадағы қақтығысты реттеу үдерісінің күрделі сипатына назар аударып, бұл мәселенің негізінде аумақтық келіспеушіліктер жатқанын атап өтті. Осыған байланысты қазіргі жағдайды ескере отырып, тараптардың өзара ымыраға келуінің маңыздылығын айтты.

Қазақстан Президенті барлық тарапты сабырлылық, икемділік пен кәсібилік танытып, бейбіт шешім жолдарын іздеуді жалғастыруға шақырды. Сонымен қатар Қазақстан араағайындық рөл атқармайтынын, алайда қажет болған жағдайда келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың көшбасшылық қасиетінің арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыстардың тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін нығайту бағытында оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарының Президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін тарихи оқиға болатынына сенім білдірілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *