BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖОҒАРЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі akorda.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге алғыс білдіріп, Жаңа жыл қарсаңында өтетін дәстүрлі кездесудің жыл қорытындысын шығарып, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Президент Еуразиялық экономикалық одақ үшін биылғы жыл маңызды кезең болғанын айтып, ұйым дамудың екінші онжылдығына қадам басқанын жеткізді. Осы уақыт ішінде өзара сауда көлемі тұрақты өсіп, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асқанын және өнеркәсіптік кооперация кеңейгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық экономикалық сын-қатерлерге қарамастан, одаққа мүше елдердің экономикалық өсімі сақталғанына назар аударды. Оның айтуынша, 2024 жылы ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 2 пайызға өседі деп күтілуде. Сонымен қатар, одақ құрылғаннан бері мүше мемлекеттердің бір-біріне салған тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі де айтарлықтай артқан.

Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту үшін цифрлық трансформация мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңызын атап өтті. Ол бұл бағытта жасанды интеллектті сауда ағындарын жоспарлау мен кедендік саясаттың тиімділігін бағалауда пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстанның келесі жылы ұйымға төрағалық етуі аясында өтетін Еуразиялық экономикалық форумда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану жөнінде бірлескен мәлімдеме қабылдау мүмкіндігін айтты.

Президент ЕАЭО-ның ірі көлік-логистикалық хабқа айналу әлеуетіне тоқталып, Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік бағыттарының маңызын атап өтті. Бұл тұрғыда Қазақстан халықаралық мультимодальды логистикалық орталықтар мен терминалдар желісін дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі арқылы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтуге ерекше назар аударып, кеме қатынасы жөніндегі келісімнің күшіне енуін жеделдету қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы қосылған құны жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаратын жаңа өндірістерді дамыту маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану үшін кооперацияны күшейтіп, инновациялық жобаларға инвестиция салу қажет.

Президент өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді жою мәселесіне де тоқталып, азаматтар мен бизнес үшін тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта кедендік және бақылау рәсімдерін интеграцияға тосқауыл ретінде қолданбау керектігін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ның сыртқы сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге тоқталып, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері және Индонезиямен жасалған келісімдерді интеграциялық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ретінде бағалады. Алдағы уақытта Жаһандық Оңтүстік, Араб елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастықты дамыту маңызды екенін жеткізді.

Президент сөз соңында келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету Қазақстан Республикасына өтетінін еске салып, еліміздің бірлестік аясындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 28–29 мамыр күндері Астана қаласында өтеді.

Жиынға Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ Индонезия, Иран және Куба өкілдері қатысып, қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *