ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ RAKUTEN GROUP КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Жапониядағы ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Rakuten Group компаниясының негізін қалаушы, басқарма төрағасы және бас директоры Хироши Микитанимен кездесті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Rakuten тобының әлемдік деңгейде цифрлық экожүйе қалыптастырудағы жетістіктерін жоғары бағалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан технологиялық даму мен цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын, елде алғаш рет жасанды интеллект туралы заң қабылданып, бірінші ұлттық суперкомпьютер іске қосылғанын, электрондық үкімет қызметі мен цифрлық экожүйе жетілдіріліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Президент Rakuten компаниясының Қазақстандағы қызметін кеңейту, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен тығыз байланыс орнату ниетін құптады. Атап айтқанда, ел тарапынан компанияның қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған биотехнологиялық әзірлемелеріне қызығушылық білдірілді.
Хироши Микитани кездесуде Қазақстан Президентіне компания жұмысына оң баға бергені үшін алғыс айтып, кездесуді зор мәртебе деп бағалады. Ол елімізде цифрлық бастамалардың жоғары қарқынмен дамып жатқанына және оларды жүзеге асыру үшін ауқымды инвестиция тартылғанына назар аударды.
Rakuten Group – 1997 жылы Хироши Микитани негізін қалаған жапондық технологиялық конгломерат. Компания электронды коммерция, мобильді байланыс, қаржы технологиялары, цифрлық контент, медиақызмет және басқа да онлайн сервистерді қамтитын тұтас цифрлық экожүйені дамытады. Rakuten 30-дан аса ел мен өңірде халықаралық серіктестік орнатқан.
