BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

БАС ПРОКУРАТУРАДА ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚАТЕРЛЕРДІ БОЛЖАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЦИФРЛЫҚ ҚҰРАЛДАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Бас прокуратурада Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебайдың қатысуымен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстық қатерлерді болжау саласындағы заманауи цифрлық және аналитикалық құралдардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Іс-шара барысында қылмыстық қатерлерді ерте анықтауға арналған медиа-кеңістікті мониторингілеу жүйесі, «e-Өтініш» платформасындағы азаматтардың өтініштерін талдайтын ЖИ-агент, көшедегі қылмысты және сыртқы киберқатерлерді болжауға бағытталған пилоттық жобалар таныстырылды. Сонымен қатар, халыққа құқықтық көмек көрсетуге арналған мобильді қосымшалар, «ақылды» қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының геокарталары және прекурсорлар мен химиялық заттардың айналымын бақылауға арналған Таргетинг-орталық ұсынылды.

«Цифрлық қадағалау» жүйесі тұлғаларды іздестіру, қылмыстық жазаларды орындау және пробацияны бақылау, сотталғандарды ресоциализациялау, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша істердің заңдылығын талдау функционалдарын қамтиды. Жүйеге 60-тан астам мемлекеттік органның деректер базасы, «ақылды» бейнекамералар мен дрондар қосылған, бұл прокурорларға құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша онлайн бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Халықтан келіп түсетін сигналдарға жедел әрекет ету мақсатында төтенше коммуналдық қызметтер Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметке (БКДҚ-112) біріктіріліп, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Президент тапсырмаларын іске асыру аясында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің құрылымында төрт ай бұрын Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы ашылды. Орталық қоғамдық қауіпсіздікке төнетін сыртқы және ішкі тәуекелдерді алдын ала анықтау және қылмыстың алдын алу бойынша болжамдық-талдамалық қызмет атқарады. Осы уақытқа дейін уәкілетті органдарға сыртқы криминалдық қатерлер туралы 25 хат жолданып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жаңа қылмыстық әрекеттер мен тәсілдер туралы халыққа хабар берілуде.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, «Орталықтың құрылуы – қылмысқа жауап қайтарудан оны алдын ала болжауға көшу жолындағы маңызды қадам. Бұл жасанды интеллект, аналитика және цифрлық шешімдерге негізделген».

Сонымен қатар елдегі ғылыми-зерттеу институттарымен ынтымақтастықты нығайту мақсатында 7 меморандумға қол қойылды. Депутаттар, IT және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысатын Консультативтік-сараптамалық кеңес аналитикалық және цифрлық шешімдерді енгізуге консультативтік қолдау көрсетеді.

Аналитикалық және цифрлық құралдарды енгізу нақты нәтижелер беруде. Мысалы, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі Ұлттық Банктің Антифрод-орталығымен және ұялы байланыс операторлары мен банктерден келетін фрод-инциденттер деректерімен біріктіріліп, кибер-алаяқтық бойынша қылмыстық істерді тіркеу көлемі екі есеге өсті.

Қылмыстық істер бойынша «Цифрлық көмекші» зияткерлік моделі апробацияланып, тергеушілерге тергеуді жоспарлау, ауызша сөйлеу мен бейне жазбаларды мәтінге айналдыру, айғақтарды талдау сияқты қызметтерді атқаруға көмектесуде. Модельдің көмегімен 76 айыптау актісі, 314 тергеу жоспары жасалып, жауап алу хаттамаларының 67 транскрибациясы орындалды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *