BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ, ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНДА ІРІ ЖОБАЛАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Жамбыл облысында білім беру саласында 25 млрд теңгеге 26 нысанның құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді, соның ішінде төртеуі – «Келешек мектептері» жобасының талаптарына сай, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жыл соңына дейін тағы 7 нысанды аяқтау жоспарланып отыр.

Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, құрылыс жұмыстары бір апаттық мектептің, бір үш ауысымды мектептің мәселесін шешуге, сондай-ақ 6 мектептегі орын тапшылығын жоюға және 6 ескі ғимараттың орнын алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша 16 білім беру нысанына 11 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.

Биыл облыс оқушылары да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Республикалық ғылыми жобалар конкурсында 16 жыл қатарынан «Үздік команда» атағы берілсе, республикалық олимпиадада «Үздік олимпиадалық команда» атағы иеленілді. Жыл соңына дейін дарындыларға арналған арнайы әскери мектеп-интернат ашу жоспарланған.

Тараз қаласында 120 орындық студенттік жатақхана жеке инвестиция есебінен бой көтерді. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында 4 колледжге 46 млн теңгеге заманауи жабдық сатып алынған. Сонымен қатар, Қазақстанда салынып жатқан АЭС үшін кадр дайындау мақсатында Ленинград облысындағы Сосновобор политехникалық колледжі мен Жамбыл политехникалық колледжі арасында ынтымақтастық келісімі жасалды.

– Балаларды қорғау мен олардың қауіпсіздігі – біздің басты міндетіміз. Әрбір оқиға – жай статистика емес, бұл баланың тағдыры. Сондықтан құқықбұзушылықтың алдын алу үнемі жүргізілуі керек. Осы мақсатта өңірде арнайы балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып жатыр, – деді Ербол Қарашөкеев.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Құны 4,1 млрд теңге болатын 5 жаңа медициналық нысан салынуда, олардың 3-уі пайдалануға берілген. 11 медицина ұйымына 1,5 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. Медициналық мекемелерге 6 млрд теңгеге 32 бірлік жоғары технологиялық жабдық сатып алынған, оның ішінде МРТ, КТ және ангиографиялық жүйелер бар.

Өңірде жасанды интеллект негізіндегі инновациялық жоба іске асырылып, 22 медицина ұйымын біріктіретін бірыңғай цифрлық платформа өкпе және сүт безі қатерлі ісігінің бастапқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 2264 адам тексеруден өткен. Сондай-ақ, дәрігерлерге жедел инсульт және ми қан айналымының өзге де бұзылыстарын диагностикалауға көмектесетін «Серебро» жасанды интеллект жүйесін сатып алу жоспарланып отыр.

Спорт саласында 3,1 млрд теңгеге 21 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде 3 спорт кешені мен 90 спорт алаңы пайдалануға берілген. Үшжақты меморандум аясында Тараз қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа футбол академиясы ашылады.

Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жалғасуда. Биыл 7 мәдениет үйі, ауылдық кітапхана ғимараты және балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық пайдалануға берілген.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *