ЖАС САРБАЗДАР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ
Әскери ант қабылдау – Қарулы Күштердің қатарына қосылған әрбір жас сарбаз үшін аса маңызды салтанатты шара. Осы орайда Қызыларық ауылдық округінде орналасқан әскери бөлімде 65 жас сарбаз әскери Ант қабылдады.
Ант қабылдау рәсімі ҚР Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Рәсімге барлығы 65 жас сарбаз қатысып, олар төрт топқа бөлініп, салтанатты жағдайда Ант қабылдады. Жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге, мемлекет құпиясын қатаң сақтауға және Антына адал болуға көпшілік алдында серт берді. Келгендеріне аз уақыт болғанына қарамастан сарбаздар қарумен саптық қозғалыстар, қоян-қолтық ұрыстың элементтерін көрсете алды.
– Жуалыдай қасиетті өлкеде Отан алдындағы әскери азаматтық борышты өтеу – әрбір ер азамат үшін абырой мен қатар үлкен жауапкершілік деп ойлаймыз. Құрметті Отан қорғаушылар, еліміздің тыныштығы, қауіпсіздігі мен амандығы сіздердің қолдарыңызда,-дейді Бақытгүл Жексекеева, запастағы майор
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінде жас сарбаздардың көпшілік алдында ел қорғауға әзір екендерін салтанатты түрде мәлімдеп, артылған жауапкершіліктің жоғары екенін түсінгендей.
Жас сарбаздардың әскери Ант қабылдау рәсіміне ардагерлер кеңесінің бастығы Исмайл Аманкулов, ардагер Сейтжапар Бүйенбаев, аудан әкімінің бас инспекторы, запастағы майор Бақытгүл Жексекеева мен сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары қатысты. Қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, сарбаздарға игі тілектерін жеткізді.