МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕО-НЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ӨКІЛІН ҚАБЫЛДАДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Эдуардс Стипрайсты қабылдады, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президент Қазақстанның Еуропа Одағымен арадағы көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан он жыл бұрын қабылданған кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімді екіжақты қарым-қатынастардың маңызды кезеңі ретінде бағалады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Еуропа Одағы арасындағы белсенді және сындарлы диалогтың маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Эдуардс Стипрайс Еуропа Одағы Қазақстанмен әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін жеткізді. Ол екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі ынтымақтастықтың қарқыны алдағы уақытта да жалғасатынына сенім білдірді.
