BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ТАУАРЛАР ТІЗБЕСІН КЕҢЕЙТУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Сенбі күні вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияны тұрақтандыру мәселелері жөніндегі кезекті кеңес өтіп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мүмкіндігін қарастыру мақсатында азық-түлік себетіне жүргізілген талдаудың алдын ала нәтижелері таныстырылды. Бұл туралы «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қарашаның үшінші аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалған. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, қазан айында азық-түлік инфляциясының өсуіне ең көп ықпал еткен өнімдер қатарында қызанақ (15,8%), тартылған ет (3%), сүйексіз сиыр еті (2,2%), сүйекті жылқы еті (1,5%), қияр (7,4%), балық (2,6%) және банан (2,8%) сынды тауарлар бар. Сонымен қатар жылдық салыстырма бойынша қызанақ 36,6%-ға, ал қияр 43,4%-ға арзандаған.

Министрлік талдауы барысында баға өсіміне елеулі әсер ететін, алайда әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатарына енбеген 30 өнім анықталды. Олардың ішінде әртүрлі ет түрлері, балық, алмұрт, алма, лимон, шай, сыр, банан, қызанақ, қияр және өзге де азық-түлік тауарлары бар. Осы атаулардың ішінен әлеуетті түрде тізбеге енгізуге болатын 23 позиция іріктелген. Алдағы уақытта бұл ұсыныстар бизнес өкілдерімен егжей-тегжейлі талқыланады.

Тізімді кеңейту кәсіпкерлер үшін бірнеше қосымша міндеттемені жүктейді. Атап айтқанда, мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз ету, шарттарды заңнамаға сәйкес рәсімдеу, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақтылы беру, сондай-ақ сауда үстемесін 15%-дан асырмау талап етіледі.

Бұл шаралар нарықтағы ең сұранысқа ие тауарлардың айналымында ашықтықты күшейтіп, делдалдық тетіктердің тұтынушыға жететін бағаға ықпалын азайтуға бағытталған.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Сауда және интеграция министрлігіне бизнес-қоғамдастықпен және салалық ұйымдармен бірлесіп, ұсынылған әрбір позиция бойынша жеке талқылау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ импорт құрылымына қосымша талдау жасалады. Барлық консультациялар аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті шешім қабылданатыны атап өтілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *