BASTY BETBILİKBİLİMJAŃALYQTAR

ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДА ҚҰРЫЛҒАН ЕКІ АУДАННЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ШЕШУ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласында құрылған екі ауданды дамыту, қызмет көрсету сапасын арттыру және өзекті мәселелерді шешу жоспарлары жан-жақты талқыланды,-деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агентігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

 Аймақ басшысы бұған дейін екі ауданды аралап, мәселелерімен танысқанын айтып, оларды өзектілігіне сәйкес уақыт созбай кезең-кезеңімен шешу қажеттілігіне баса назар аударды. 

Айта кетейік, Тараз қаласында «Әулиеата» және «Жібек жолы» атауларымен екі аудан құрылды. Оларға Жамбыл және Байзақ аудандарынан 46 145 халқы бар 14 елді мекен қосылды (34 білім беру, 10 денсаулық сақтау, 21 спорт, 7 мәдениет нысаны қосылды).

Бүгінде тараздықтардың саны 480 мың адамнан асты. 

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков үш жылға арналған Жол картасына сәйкес білім саласында 1 мектепті күрделі, 4 мектеп пен 3 балабақшаны ағымдағы жөндеу, 2 мектепке автобус сатып алу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Мәдениет саласында 2 клуб ғимаратын күрделі, 1 мәдениет үйін ағымдағы жөндеу, тұрғындардың сұранысы бойынша 4 спорт алаңшасын жөндеу, 1 футбол алаңшасының құрылысын жүргізу жоспарлануда. 

Сонымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, су жүйелерін қалпына келтіру және тұрғындарға өзге де қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

Кеңес барысында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев, білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Қызылқұлова, денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев баяндама жасады.

– Екі аудандағы елді мекендер мен әлеуметтік нысандарды аралап, бірқатар мәселелермен таныстым. Инфрақұрылымдық желілермен қамту, нысандарды жөндеуден өткізуге қатысты өзекті жағдайлар аз емес. Сондықтан, үш жылдық даму жоспарын қайта қараңыздар. Тұрғындардың өтініштері, ұсыныс-пікірлерін назардан тыс қалмауы тиіс. Барлық мәселе бюджет мүмкіншілігіне қарай, кезең-кезеңімен шешімін табуы керек,  – деді Ербол Қарашөкеев қала басшылығына.

Облыс әкімі қосылған елді мекендер бойынша құжаттарды тезірек рәсімдеу, қоғамдық көлік қатынасы, қайталанатын көше атаулары, әлеуметтік нысандардың жай-күйі, көрсетілетін қызметтердің сапасы, жұмысшылардың жалақыларын уақытылы беру секілді көптеген мәселелерге көңіл бөлді.

– Екі ауданның құрылғанына 3 ай болды. Шешімін күткен мәселелер әлі де аз емес. Біз тұрғындар үшін кедергілер емес, барынша жайлы орта қалыптастыру керекпіз. Қалаға қосылған елді мекендердің көше атауларының қайталануы жедел жәрдем, полиция қызметінің шұғыл әрекет етуіне кедергі болары анық. Мәселені салалық басқармалар мен қала басшылығы бақылауға алып, тезірек реттеу қажет, – деді  облыс әкімі  Ербол Қарашөкеев.

Ербол Қарашөкеев полиция департаментіне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, жауаптыларға әлеуметтік нысандарды қала теңгеріміне өткізу жұмыстарын жедел аяқтауды жүктелді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *