ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҰҚШҰ ҰЖЫМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Саммит барысында мүше мемлекеттердің басшылары ұйым жұмысының нәтижелерін қорытындылап, алдағы кезеңдегі басым бағыттарды талқылады, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға Қазақстан Президентімен бірге Ресей басшысы Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.
Кездесу барсында президенттер ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін қарастырып, ұйымның 2026 жылы атқарған жұмысына баға берді. Сонымен қатар алдағы кезеңдегі қызметтің басым бағыттарын айқындап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздікке қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті ұйымдастырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Владимир Путинге алғыс білдірді. Сондай-ақ Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға төрағалығы нәтижелі болғанын атап өтті.
Қазақстан Президенті қауіпсіздік саласындағы бірқатар маңызды бағытқа тоқталды. Атап айтқанда, халықаралық терроризмге қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою және ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологиясының ықпалы артып келе жатқанын ескеріп, осы саладағы қауіп-қатерлерге қарсы күш біріктіру қажеттігін жеткізді.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ға алдағы уақытта төрағалық ететін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды құттықтап, жауапты міндетті атқаруына сәттілік тіледі.
Саммит қорытындысында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясы қабылданды. Бұған қоса, ұйымға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойылды.
