ҚАЗАҚСТАНДА КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ БОЙЫНША ЖАҢА ЖОБАЛАР ІСКЕ АСУДА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлік инфрақұрылымын жаңғырту және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында логистика жүйесінің тиімділігін арттыруға, өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайтуға және орнықты экономикалық өсімге қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
– деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
2025 жылдың сегіз айында Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдар көлемі 25,81 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,2%-ға артқан. Бұл өсім еліміздің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігін айғақтайды.
ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
2025 жылы құрылыс және жөндеу жұмыстары барлық санаттағы 13 мың шақырымға жуық автожолды қамтыды. Оның ішінде:
- 2,2 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдар салынды және реконструкцияланды;
- 6,6 мың шақырым республикалық желіге күрделі және орташа жөндеу жүргізілді;
- 4,1 мың шақырым жергілікті жолдар жаңартылды.
Жыл соңына дейін 6,1 мың шақырымдық жол жобаларын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 10 жаңа учаскеде ақылы жүйе енгізіліп, нәтижесінде ақылы күре жолдардың ұзындығы 3,2 мың шақырымнан 5,2 мың шақырымға дейін ұлғайған.
АВИАЦИЯ САЛАСЫ
Қазіргі таңда қазақстандық авиакомпаниялардың ұшақ паркі 105 әуе кемесінен тұрады, оның 8-і биыл жаңадан пайдалануға берілген. Қазақстан 31 елмен 144 халықаралық бағыт бойынша аптасына 842 рейс орындайды.
Салада бірқатар маңызды жобалар іске асуда:
- Арқалық әуежайы қалпына келтірілуде;
- Алматы әуежайын дамыту бойынша $362 млн көлемінде инвестициялық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр;
- Астана әуежайын дамытуға 547 млрд теңге инвестиция бағытталуда;
- «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында 250 млрд теңгеге жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасы қолға алынған;
- Сонымен қатар, 2025–2031 жылдарға арналған азаматтық пилотсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасы бекітілді.
Ішкі нарыққа жаңа авиатасымалдаушылар кіріп, Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу, Мюнхен және басқа да қалаларға 35-тен астам жаңа халықаралық бағыттар ашылды.
ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ СУ КӨЛІГІ
Осы жылдың тоғыз айында темір жол көлігімен 339,4 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,5%-ға артық. 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскесін жаңарту жоспарланған, оның ішінде бүгінде 2,8 мың шақырымнан астамы жаңартылған.
Теңіз көлігімен 2025 жылдың 9 айында 6 млн тонна жүк тасымалданып, бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 9%-ға жоғары. Қазақстандық теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдар көлемі 67,2 мың ЖФЭ-ге жетіп, үштен біріне артқан.
Маусым айында Ақтау портында контейнерлік хабтың алғашқы кезеңі іске қосылып, жыл соңына дейін порттың өткізу қабілеті 240 мың ЖФЭ-ге дейін артпақ.
2025 жылдың маңызды оқиғалары қатарында:
- «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің іске қосылуы (836 шақырым);
- «Қызылжар – Мойынты» жаңа желісінің құрылысы (323 шақырым);
- 775 локомотив пен 2,7 мың вагон жеткізу келісімдері;
- Ел бойынша 124 вокзалдың жаңғыртылуы;
- Құрық–Баку бағытына жүк кемесінің қатынауы және екі жаңа паромның келуі бар.
АВТОКӨЛІК ЖӘНЕ ТАСЫМАЛДАУ САЛАСЫНДАҒЫ БАҚЫЛАУ
Қазақстан халықаралық нарықта отандық автотасымалдаушылардың мүдделерін қорғауды жалғастыруда. 42 елмен халықаралық тасымалдарға рұқсат алмасу жөніндегі келісімдер жасалған.
Рұқсат беру рәсімдері жеңілдетіліп, процестер автоматтандырылды. Сонымен қатар, жүктердің қозғалысын бақылау үшін 63 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған (30-ы республикалық, 33-і жергілікті жолдарда).
Маңызды жаңалықтардың бірі — Қазақстан Қытаймен ратификацияланған үкіметаралық келісім аясында Қытай аумағы арқылы ішкі транзиттік автотасымал жасау құқығын алған алғашқы елге айналды.

