РОМАН СКЛЯР ТҮРКИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БИЗНЕСМЕНДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Түркиялық және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығының (TUKIB) басшылығымен және мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында бизнесті жүргізу, инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты өзекті мәселелер және екіжақты ынтымақтастықтың болашағы талқыланды, — деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Роман Скляр Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастар стратегиялық сипатқа ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Түркия – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Сонымен қатар, түрік инвестициялары технологиялар трансфертіне, өндірістік әлеуеттің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етуде.
Өз кезегінде ТУКИБ Басқарма кеңесінің төрағасы Аббас Шахин қауымдастық Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ елімізде іске асырылып жатқан бірлескен жобаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бизнес ахуалын жақсарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру бағытында өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.
Анықтама үшін:
Түркиялық және қазақстандық бизнесмендер қауымдастығы (TUKIB) 2016 жылы құрылған. Қауымдастық құрамына Alarko Holding, Anadolu Group (Efes Kazakhstan, Coca Cola), Aksa Energy, Borusan Kazakhstan, Esan Kazakhstan (Eczacıbaşı Holding), Turkish Airlines, YDA Holding, TAV Kazakhstan, Corex Holding және басқа да ірі компаниялар кіреді. Ұйым Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға үлес қосып келеді.