ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 3,8 МЛН ТОННА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІН ЖИНАУ ЖОСПАРЛАНУДА
Жамбыл облысында егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 640 мың гектар алқапқа егілген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14 мың гектарға артып отыр,-деп хабарлайды “Taraz24news.kz” ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Атап айтқанда, 362 мың гектарға дәнді және дәнді-бұршақты, 38 мың гектарға майлы дақылдар, 31,1 мың гектарға көкөніс, 12,7 мың гектарға бақша өнімдері, 8,2 мың гектарға картоп, 6,6 мың гектарға қант қызылшасы, ал 181,3 мың гектарға мал азығы орналастырылған.
Шілде айынан басталған жиын-терінде бүгінге дейін масақты дәнді дақылдардың 311,1 мың гектары жиналып, 462,1 мың тонна өнім алынған. Оның ішінде бидай – 201,5 мың тонна, арпа – 260,6 мың тонна.
Сондай-ақ 58,2 мың тонна картоп, 334,4 мың тонна көкөніс, 3,2 мың тонна майлы дақылдар және 336,1 мың тонна бақша өнімдері жиналды.
2025–2026 жылғы мал қыстату маусымына дайындық аясында 1,7 млн тонна пішен, 113,4 мың тонна пішендеме және 408,7 мың тонна сабан дайындалды.
Биыл аймақта жалпы көлемі 3,8 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін алу жоспарланып отыр.