BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ҚАЗАҚСТАН МЕН БЕЛАРУСЬ ҮКІМЕТАРАЛЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ XIX ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қазақстан мен Беларусь арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның XIX отырысы Астана қаласында өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр және Беларусь Республикасының Премьер-министрінің бірінші орынбасары Николай Снопков тең төрағалық етті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен даму келешегін талқылап, өнеркәсіп, көлік, қаржы, ауыл және су шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, туризм, білім және ғылым салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды.

Роман Скляр өз сөзінде қазіргі таңда екіжақты қарым-қатынастың барлық бағытта белсенді дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жоғары және ең жоғары деңгейдегі тұрақты кездесулер мен өзара сапарлар өзара түсіністікті арттырып, конструктивті серіктестікті нығайтуға ықпал етіп отыр.

Сонымен қатар, ол 2024 жылдың қараша айында Қазақстан мен Беларусь Премьер-министрлері мақұлдаған 2025–2029 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бағдарламаға (Жол картасына) қол қойылуы екі ел арасындағы әріптестікті тереңдетуге маңызды серпін бергенін жеткізді.

Өз кезегінде Николай Снопков Қазақстан мен Беларусь арасында жоғары деңгейдегі өзара түсіністік қалыптасқанын атап өтіп, комиссияның бұл отырысы стратегиялық серіктестікті дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша Үкіметаралық комиссияның XIX отырысының хаттамасына қол қойылды. Тараптар комиссияның келесі ХХ отырысын 2026 жылы Минск қаласында өткізуге уағдаласты.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *