BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЖАҢА БЮДЖЕТ КОДЕКСІ ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАРДАН ЭКОНОМИКАҒА ДИВИДЕНД ТӨЛЕУ НОРМАСЫН ЕНГІЗДІ – ПРЕМЬЕР-МИНИСТР

Мәжілістің жалпы отырысында ұлттық компаниялардан мемлекеттік бюджетке түсетін дивидендтерді қысқарту туралы депутат сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа Бюджет кодексіне ұлттық компаниялардан ел экономикасына дивидендтер төлеу мөлшері туралы норма енгізілгенін айтты. – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, ұлттық компаниялар өңірлерде ірі инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қомақты қаражат бөліп отыр. Бұл қаражаттардың жұмсалуының ашықтығы қолданыстағы заңнамамен қамтамасыз етілген.

«Ұлттық компаниялар жұмсайтын, яғни экономикаға құйылатын қаражаттың ашықтығы туралы мәселе барлық жағынан заңнамамен қамтамасыз етілген деп ойлаймыз. Өздеріңіз білетіндей, биыл қабылданған жаңа Бюджет кодексіне дивиденд төлеуден алынатын үлес әрбір ұлттық компаниядан кемінде 50 және 70%-ға дейін болуы тиіс деген норма енгізілген. Бұрын мұндай талап болмаған. Бұл шектік меже Үкімет қаулысымен белгіленді. Біз мұны ашықтыққа, есеп беруге және ұлттық компаниялардың қаражатын тиімді жұмсауға Парламент тарапынан бақылауды арттыруға жасалған маңызды қадам деп санаймыз», — деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Премьер-министр ұлттық компаниялардың иелігінде қалатын қаражаттардың да ашық түрде жұмсалатынын атап өтті. Сатып алу ережелері мен тиісті мәліметтер республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепте жарияланады. Мәжіліс депутаттары мен жұртшылық бұл ақпаратпен танысып, бақылау жүргізе алады.

Олжас Бектеновтің айтуынша, “Самұрық-Қазына” қоры 53 трлн теңге көлеміндегі инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, қор еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік жобаларды қолға алған.

«Мысалы, өңірлерде тек денсаулық сақтау нысандарын салуға 550 млрд теңге, жалға берілетін тұрғын үй құрылысына 272 млрд теңге бөлінген. Бұл – ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды инвестициялар. Сондықтан да “Самұрық-Қазына” қорының дивидендтер бойынша қабылдаған шешімдері негізді әрі жан-жақты қарастырылған деп есептейміз», — деді Премьер-министр.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *