ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА 2025–2027 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА 300 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСАТЫН 20 ІРІ АГРОЖОБА ІСКЕ АСАДЫ
2025–2027 жылдары Жамбыл облысында жалпы құны 300 млрд теңгеден асатын 20 ірі агрожобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өндірісін жаңғыртуға, инновациялық технологияларды енгізуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңірде дәстүрлі дақылдармен қатар, жаңа ауыл шаруашылығы бағыттарына да басымдық берілуде. Атап айтқанда, алғаш рет 15 гектар жерге соя және 238 гектарға бұршақ (фасоль) дақылы егілді. Аталған дақылдарға арналған элиталық тұқымдар Мексикадан арнайы жеткізілген.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі ретінде 25 қыркүйекте Байзақ ауданында қуаттылығы жылына 1 миллион тонна болатын заманауи қант зауытының құрылысы басталмақ. Жоба қант қызылшасы өндірісін дамытуға және өнім өңдеу әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы, облыстың аграрлық секторы қарқынды дамып келеді. 2025 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 48,2 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 26,8 пайызға артық. Ал 2025 жылдың алғашқы 8 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 214,2 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар, егіс алқаптарының көлемі 640 мың гектарға дейін ұлғайып, жыл соңына дейін шамамен 3,8 млн тонна өнім жиналады деп күтілуде.
– Ауыл шаруашылығы Жамбыл облысы экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Біз тек өндіріс көлемін арттыруды ғана емес, сонымен қатар өңірді аграрлық инновациялар орталығы ретінде дамытуға баса мән беріп отырмыз, – деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.