ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ СТАНДАРТҚА СӘЙКЕС ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ НЫСАНЫ АШЫЛДЫ
Жамбыл облысының Меркі ауданында Инвестициялық штабтың қолдауымен ұлттық стандарттарға сәйкес келетін жол бойындағы қызмет көрсету желісінің алғашқы нысаны – KeruenInn заманауи қонақ үй кешені іске қосылды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жоба Үкіметтің Инвестициялық штабының көмегімен жүзеге асқан. Президенттің тапсырмасына сәйкес штабқа инвесторлардың мәселелерін жедел шешу және әкімшілік кедергілерді азайту жөнінде өкілеттіктер берілген болатын. 2025 жылдың басынан бері Инвестициялық штаб 18 отырыс өткізіп, жалпы сомасы 70 млрд АҚШ долларын құрайтын 65 инвестициялық жобаны қарады.
Жамбыл облысында қонақ үй кешенінің ашылуы – Мемлекет басшысының заманауи инфрақұрылым қалыптастыру және елдің транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі стратегиялық міндеттеріне сәйкес жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
KeruenInn кешені 30-дан астам нөмірді, дәмхананы, дүкен мен дәріхана желісін қамтиды. Саяхатшыларға қолайлы жағдай жасау үшін жүк және жеңіл көліктерге арналған автотұрақ, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау стансалары орнатылған. Нысанның іске қосылуы Меркі ауданында 20 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Жоба ауқымды инвестициялық бағдарламаның құрамдас бөлігі болып табылады. Оның аясында 2029 жылға дейін Қазақстанның 14 өңірінде осындай 60 нысан салу жоспарланған. Қонақ үй кешендері «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» және «Солтүстік – Оңтүстік» сияқты ірі автодәліздер бойында, шекара бекеттерінің маңында және негізгі туристік бағыттарда орналастырылады. Салынатын инвестициялардың жалпы көлемі 150 млн АҚШ долларынан асып, шамамен 900 тұрақты жұмыс орнын құруға жол ашады.
Үкімет өңірлердің жан-жақты дамуына және транзиттік әлеуетті арттыруға ықпал ететін инфрақұрылымдық жобаларға жеке инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауды жалғастыруда.