ӨҢІРДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ 145 БОС ЛАУАЗЫМ БАР
Өңірде қазіргі санақ бойынша 2314 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Бірақ та әлі де 145 орын бос тұр екен. Бұл туралы аппараттық жиында айтылды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Жалпы республика аумағында шамамен 3 мыңға жуық лауазым бос. Ал өңірдегі қазіргі жағдай бойынша тұрақты бос лауазымдардың саны 121 бірлікті құрайды. Оның ішінде, 48 лауазым ұзақ уақыт бойы, яғни 3 айдан аса бос тұр. Осы орайда, бос лауазымдарды дер кезінде толтырудың бір тетігі ретінде мемлекеттік грант бекітілген болатын. Жоғары оқу орындарын жақсы үлгеріммен аяқтаған түлектер аудандық және ауылдық деңгейдегі басшы емес лауазымдарға конкурссыз қабылдана алады.
Дегенмен, көпшілік жағдайларда мемлекеттік органдар тарапынан резервшілерге атқарушы санаттағы бос лауазымдар ұсынылуда, ал бос тұрған басшы лауазымдар ұсынылмастан, оларға конкурстар жариялануда. Осыған орай, Агенттік тарапынан Өңірлік кадр резерві мүшесінің жеке мансаптық картасы әзірленіп, онда резервшіге ұсынылған барлық лауазымдар тізбесі жасақталатын болады, – деді ЖО Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Руслан Шарипов.
Бүгінде аудандар мен ауылдық округтердегі бос лауазымдарға 32 түлек конкурссыз қабылданған. Осы орайда департамент басшысы 64 жұмыс орнына жоғары оқу орындарының түлектері конкурс өткізбестен, тікелей қабылдана алатынын тілге тиек етті. Бұдан бөлек, резервшілер біліктілік талаптарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы бос тұрған басшы лауазымдарына ұсынылады.
Резервшілерге берілген ұсыныстар және лауазымдарға орналасудан бас тарту жағдайлары ресми құжаттармен рәсімделді. Қазіргі уақытта өңірлік резервке алынған адамдарды “Б” корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылуда. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, – деді ЖО Әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев.
Айта кету керек, мамандардың сөзінше, бұл өзгерістер аудандық және ауылдық деңгейдегі кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге, мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесін арттыруға, жоғары білікті кадрлармен уақытылы толықтыруға оң әсер етеді.
Автор: Махаббат Кусаин