ҮКІМЕТТЕ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫ ҚАУІПСІЗДІГІН АРТТЫРУ ШАРАЛАРЫ ҚАРАЛДЫ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиында Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха мен Алматы, Маңғыстау, Жамбыл және Қарағанды облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны 42%-ға, зардап шеккендер саны 52%-ға артқанымен, өлім-жітім көрсеткіші 2%-ға төмендеген. Жолдардағы жағдайды жақсарту үшін ведомство автомектептерді лицензиялау, заңсыз тасымалдаушыларға қатысты шараларды күшейту және инфрақұрылымды дамыту ұсыныстарын алға тартты. Атап айтқанда, көпжолақты жолдар салу, жаяу жүргіншілер өткелдерін көбейту, тротуарлар мен жарықтандыру орнату және бейнетіркеу жүйелерін кеңейту қажеттігі айтылды.
Премьер-министр елімізде жол апаттарының деңгейі әлі де жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, жазатайым жағдайлардың басым бөлігі жол инфрақұрылымының жеткіліксіздігінен, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жарықтың жоқтығынан орын алып отыр. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне қауіпті учаскелерді жедел шешу, Көлік және Ішкі істер министрліктеріне жол құрылысы кезінде қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ, жолдарда мобильді байланыс сапасын арттыру, апат жағдайында жедел көмек шақыруды қамтамасыз ету үшін Цифрландыру министрлігіне жұмысты жеделдету жүктелді. ЖҚЕ бұзушылықтарын тіркеу үшін камералар мен аппараттық-бағдарламалық кешендер санын көбейту, пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану және электр мопедтері мен самокаттарды реттеу бойынша заңнамалық түзетулер енгізу міндеттелді.
Үкімет Ішкі істер министрлігінің ұсыныстарын қолдап, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар отырыста алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Премьер-министр Ақмола, Батыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында жұмыстардың кешігіп жатқанын айтып, әкімдерге барлық жөндеу іс-шараларын уақтылы аяқтап, жылыту маусымының дер кезінде басталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.