МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕГІН ЖИНАУ НАУҚАНЫНА АРНАЛҒАН КЕҢЕС ӨТКІЗДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Зеренді ауданында егін жинау науқанына арналған кеңес өткізіп, өңір шаруаларымен кездесті. Кеңес жұмысына Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының диқандары бейнебайланыс арқылы қатысты, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Президент бұл сапардың басты мақсаты – Ақмола облысында егін жинау барысымен танысу екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, егіс алқабындағы жұмыстарды уақтылы аяқтап, астықты дер кезінде жинап алу – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және ішкі нарықты тұрақтандырудың негізгі шарты.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ауыл шаруашылығы саласы үшін табысты жыл болғанын атап өтіп, агротехнологияны дұрыс қолданудың арқасында өнім көлемінің айтарлықтай артқанын жеткізді. Биылғы 8 айда да оң нәтиже байқалып отырғанын айтып, саладағы технологиялық әлеуетті арттыру бойынша қолға алынған шаралардың тиімділігін ерекше атап өтті.
Президент диқандардың кәсіби білігіне, табандылығына және патриоттық қасиеттеріне ризашылық білдірді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларының ішінде жеңілдетілген несиелердің маңызын атап өтті. Биыл осы мақсатқа 1 триллион теңге бөлінгені – бұрын-соңды болмаған қолдау деңгейі екені айтылды.
Мемлекет басшысы аграрлық секторды әртараптандыру, тиімділігі жоғары дақылдарды өсіру, шаруаларды жанар-жағармаймен үздіксіз қамтамасыз ету, техника мен қаржыға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, егінді шығынсыз жинап алу мен өнімді сақтау мәселесіне де назар аударылды. Заманауи элеваторлар салу және жаңғырту үшін жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасын іске қосу ұсынылды.
Президент сапалы тұқым дайындау мен минералды тыңайтқыштарды субсидиялау тетігінің тиімділігін айтып, тұқым өндірісі бойынша баламалы қолдау шараларын енгізуді тапсырды. Бұл қадамдардың ауыл шаруашылығының аралас салаларына да оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Мал шаруашылығы саласына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін осы бағытта арнайы бағдарлама әзірленетінін хабарлады. Бағдарлама ұзақ мерзімді қаржыландыруды көздейді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажеттілігі де айтылды.
Кеңесте ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов және бірқатар ірі агроқұрылым жетекшілері сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына бөлінген бюджет қаражаты тиімді жұмсалып, нақты нәтиже көрсетуі тиіс екенін айтты. Ол саланың ел экономикасындағы маңызына тоқталып, ауыл шаруашылығы әрқашан ерекше бақылауында болатынын мәлімдеді.