ҚАЗАҚСТАН МЕН КОНГО ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТТЕРІ КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗДІ
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди ресми келіссөздер өткізді, деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, akorda.kz сайтына сілтеме жасап.
Ресми қарсы алу рәсімінде екі ел басшылары делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді. Сонымен қатар Қазақстан мен Конго мемлекеттерінің әнұрандары орындалды. Бұдан кейін тараптар келіссөздер залына өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедидің Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келуін тарихи қадам деп атап өтті. Оның айтуынша, бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға жаңа серпін бермек. Қазақстан Президенті Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыт екенін жеткізді.
Өз кезегінде Феликс Чисекеди көрсетілген қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол ERG компаниясының Конгодағы тау-кен өнеркәсібіндегі жұмысын ерекше атап, өзара ықпалдастықты арттырудың басқа да бағыттары бар екенін айтты.
Келіссөздер барысында мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.