BASTY BETBILİKJAŃALYQTAR

ЦИФРЛЫҚ ШТАБ ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ОРЫНДАУ ЖӨНІНДЕ БІРҚАТАР ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАДЫ

Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Цифрлық штабтың отырысы өтті, – деп хабарлайды «Taraz24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер талқыланды.

«Мемлекет басшысы цифрлық қалыпқа көшу арқылы экономиканың барлық салаларын жаңғырту міндетін қойды. Сондықтан ЖИ енгізу нақты нәтижеге бағытталуы тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Отырыстың қорытындысы бойынша бірыңғай ұлттық цифрлық жүйені құруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды. Мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда:

  • 15 қарашаға дейін – денсаулық сақтау саласына қатысты басым бағыттар бойынша нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіп, отандық стартаптардың шешімдерін енгізу;
  • 20 желтоқсанға дейін – денсаулық сақтау саласындағы 7 түрлі ақпараттық жүйені Qaztech базасында интеграцияланған 2 платформаға біріктіру;
  • 1 желтоқсаннан бастап – электр және жылу желілерін диагностикалау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу;
  • 20 желтоқсанға дейін – елдің отын-энергетикалық кешенінде Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығының жұмысын қамтамасыз ету.

Денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектінің дамуы дәрігерлерге арналған ЖИ-ассистенттерді енгізуге, онкологиялық және өзге де ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ медициналық персоналдың жұмысын жеңілдету үшін ақпараттық жүйелерді біріктіру көзделген.

Энергетикада жасанды интеллект пен дрондарды пайдалану желілердің жағдайын жылдам әрі дәл анықтауға жол ашады. Арнайы құрылғылардың көмегімен құбырларды ішкі жағынан тексеру, ақаулардың бірыңғай базасын қалыптастыру және жөндеу жоспарын уақтылы әзірлеу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ал Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру энергетикалық жүйелердің киберқауіпсіздігін нығайтуға бағытталмақ.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *